Басты бет Негізгі бет Текті сөзді төрге шығарған байқау
Текті сөзді төрге шығарған байқау

Текті сөзді төрге шығарған байқау

 1 220 0

Халықтық өнеріміздің мәйегі, тәрбие мен тағылымның өзегі – терме-толғаулар ғасырлар сүзгісінен өтіп ұлт пен ұрпақ санасының жаңғыруына қызмет етіп келеді. Соның айқын көрінісі ретінде Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында өткен республикалық жыршы-термешілер байқауын айтуға болады.

Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің қаржыландыруымен «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде өткен байқауға еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларының атынан 16 орындаушы қатысты. Олар «ел бірлігі», «мәңгілік ел», «ана тіл» және адамгершілік құндылықтар тақырыбын ғибратты өлеңмен жырлады. Дені жаңадан шығарылған және алғаш рет орындалды. Дәстүрге айналған республикалық байқау биыл белгілі ақын Шынболат Ділдебаевтың 80 жылдығына орай Сәтбаев қаласындағы ақын атындағы кеншілер сарайында өтті. Қатысушылар Шынболат ақынның да терме-толғауларын түрлі мақаммен орындап жерлестерін тәнтті етті. Өнер байқауының сәтті өтуіне қала әкімдігі, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі белсенді түрде атсалысып қолдау танытты. Тағылым мен тәрбие беретін сүбелі сөз, өнегелі өлең, жүрекке жол тартатын мақаммен астасқан терме-толғаулар тыңдаушылардың көңілінен шығып, жансарайын нұрландырды. Біз мұны зал толы көрерменнің 4 сағатқа жуық тапжылмай қошаметпен тыңдауынан аңғардық.

 Байқауға Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл, белгілі ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, жыршы-жыраулар Амандық Көмеков, Эльмира Жаңабергенова, Мұқаш Қожахметов қазылық етті. Әр өңірден келген көбі кәсіби деңгейде білім алған орындаушылар бар өнерін аямай ортаға салды.

Байқау қортындысы бойынша Х.Досмұхаметов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің заңтану мамандығы бойынша 1-курс студенті Гүлдана Тайырова бас жүлде мен оған тиеселі 1 миллион теңгені қанжығалады. Мамандығы өнерге қатыссыз болса да Гүлдананың орындау шеберлігі, екпінді мақамы тыңдарманын желпіндіріп, шабыттандырды, көрермен әлсін-әлі қошамет көрсетіп қолдау білдірді. Осы жолғы байқаудың ең жас қатысушысы Атырауда өткен  «Текті сөздің төресі – терме» облыстық байқауында бас жүлде алып республикаға жол тартқан. Ал жүлде қоры 300 000теңгелік 1-орынды Ақмола облысының атынан келген Айнұр Қонысбаева алды. 2-орын мен 200 000теңге шығармаларды қобызбен орындаған Қызылордалық Марат Сүгірбайға берілді. 100 000теңгелік ақшалай жүлде мен 3-орынды Маңғыстаулық Темірбек Асқамбаев пен Керекулік Талғат Бланкин еншіледі. Шынболат Ділдебаевтың туған-туыстары дайындаған 100 000теңгелік арнайы жүлде Оңтүстік Қазақстанның атынан қатысқан Абылайхан Бектасовқа бұйырды. Байқаудан тыс өнер көрсеткен Сәтбаев қаласының орындаушысы Рысбек Тақашевқа қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман өз атынан 100 000 теңге сыйақы беріп қанаттандырды. Осылайша ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді насихаттауға бағытталған байқау өнер айдынына тың туындыларды қосып, жаңа есім, жас орындаушыларды сахнаға шығарып, ана тіл мен ардақты өнеріміздің мерейін үстем етіп табысты түрде аяқталды. Өкініштісі, нағыз рухани жаңғыруға қызмет ететін байқауды республикалық телеарналар түсіріп көрсетуге ниетті болмады. Ал жыршы-термешілер байқауын осымен екінші рет «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» ұйымдастырды.

Жарқын Сәленұлы, журналист

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *