Басты бет Мақалалар Қазіргі айтыс ақындары қолданысындағы мақал-мәтелдер

Қазіргі айтыс ақындары қолданысындағы мақал-мәтелдер

 5 872 0

                                                             Рахия ЕСНАЗАРОВА,

филология ғылымдарының кандидаты

                                                                     Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика

кафедрасының аға оқытушысы

 

БекарысҚазіргі  айтыс ақындары қолданысындағы

мақал-мәтелдер

 

Айтыс – «айт» етістігінен туған зат есім, өз мағынасымен алғанда, «айтыс» екі кісінің сөйлесуі. Бұл сөйлесу – қазақ арасында көп ұшырасады. «Айтыс» кейде «талас» мағынасында ұғылып, біреу мен біреу таласса, жанжалдасса «пәленше мен түгенше айтысып қалыпты» деп те айтады.

Айтыстың мағынасы осындай кең болғанымен, «айтыс» ұғымындағы сөздердің ішіндегі ең басымы — өлеңмен айтысу. Қазақ тілінің сөздігінде айтысқа мынадай анықтама берілген: Айтыс – бірінші мағынасы – зат есім, суырып салма ақындардың ауызша өлең түріндегі сөз жарысы, екінші мағынасы – етістік, яғни ортақ етіс, өлеңмен сөз жарысына түсу, сайысу.

Ежелден «өнер алды – қызыл тіл» деп сөз өнерін аса жоғары бағалаған халық айшықты сөз бедері мол ақындар айтысына ерекше мән беріп, ұрпақтан – ұрпаққа жалғастырып отырған. Айтыскер ақындар сөз сайысы кезінде қарсыласының ұрымтал жерін аңдып, жеңіске жетудің жолын іздеп, бұлтартпайтын дәлелдермен тұсап, тұқыртып, жалтаруға ерік бермей, жырмен желкесін қиып, дауласуға келтірмейтіндей ғып сөзбен жығады. Ақындардың жеңілуі сөз таба алмай қалғандықтан емес, бәрі де орынды уәжге, жүйелі сөзге тоқтап, дау сөздің логикалық жағынан ұтылып барып жеңіледі. Шаршы топта сөз додасына түскен ақындардың айтысына әділ төрелік айтушы да көпшілік, сөз құдіретін түсінетін би, шешендер болған. Сондай-ақ, айтыс ежелден ел тұрмысында ақынның бірде-бір ақын аталатын өнер мектебі саналып келген. Қазіргі ақындар айтысы күні кешегідей «халықты коммунизм рухында тәрбиелеу, осы жөніндегі жақсылығын мадақтап, кемшілігін» сынау емес, яғни үгіт-насихат, өзара сын құралы емес, ой мен сөздің жарасымы, адам бойындағы таланттың көрінісі, білім — танымның бір бұлағы тәрізді. Айтыс дегеніміз — әсерлі сөз (поэтикалық тіл) бен әсем саздың жарасымы болғандықтан, қазақ үшін бұл екеуі де жанына жылы, сезіміне әсерлі дүниелер. Сонау алыс бабалар заманынан бері келе жатқан айтыс дәстүрі — өлеңмен (поэзиялық), үнмен, сазбен (музыкалық), отырыс – тұрысы, көрік – көркемдігімен (театрлық) келген синкреттік құбылыс, ол, зертеушілердің сөзіне қарағанда, біздің кезімізде санаулы-ақ халықтарда сақталып келе жатқан дәстүр екен. Айтыс – суырып салма ақындардың ауызша түріндегі сөз жарысы, сөз сайысы, пікір таласы. [2, 27 б]

         Айтыстағы жеңістің негізгі шарты – ақындардың поэтикалық дарыны, сөз көркемдігі болып есептеледі. Әрине, айтыста импровизация (суырып салмалық), ой қисыны (логика) мен дәлелінің күштілігі анық байқалуы тиіс. Сөз өнерінің, көркем сөз тігісінің, образды, көркем ойлардың, сөз шешендігі мен шеберлігінің тілдік көрінісін айтыс өлеңдерінен көреміз. Ол тілдік ерекшеліктердің деңгейін анықтау қазіргі айтыстардың сан қырлы табиғатына тікелей байланысты. [7, 106 б]

Мақал-мәтелдердің қолданылуы. Ақындар тіліндегі көріктеу құралдарының бірі – мақал-мәтелдер. Мақал-мәтелдердің көпшілігі игі қасиеттерге үндеу, уағыздау сипатында болады. Мақал-мәтелдердің өміршеңдігі – тілінің көркемдігі мен мазмұнының тереңдігінде, аз сөзбен көп мағына беретіндігінде және көпшілігі өлең сөзге құрылғандықтан еске сақтауға қолайлы болуында.

Мақал дегеніміз — өмір құбылыстарын жинақтайтын, бір немесе екі бөлімнен құралып, алдыңғысында жалпы пайымдау, соңғысында қорытынды пікір айтатын, өте ықшам бейнелі халық нақылы.

Мақалдар аяқталған ойды білдіретін жай не құрмалас сөйлем болып келеді, құрамындағы сөздер өзінің дербес мағынасын сақтайды. Мысалы, Аманжол:

«Ұрыста тұрыс жоқ деп мен де келдім,

Болса да бекінісің тас қорғасын» немесе Серікзат Дүйсенғазин:

«Сабыр түбі – сары алтын деген қазақ,

Сайыста, Салауатым, салмақты шап»

Ал, мәтел – халық арасына кең тараған, қорытындысы болмайтын, негізгі айтылатын ой жанамалап берілетін, ықшам кестелі халық сөзі. Өзінің құрамы жағынан фразеологизмдерге мақалдан гөрі мәтелдер бір табан жақын келеді. Мысалы,  Бекарыс Шойбеков:

«Солардың жолын қуып келеміз ғой,

Тұлпары озған елдің тайы да озар» немесе Бекжан Әшірбаев:

«Әкім боп жүргеніңде қайда қалдың,

Ақсақ қой маңырайды түс ауғасын».

Және де,

     Рүстем мен Айтбайдың айтысынан мына шумақтарды алып қарасақ.

Рүстем: «Ұлық болсаң кішік бол» деген бар ғой,

«Қыранмын» деп ағасы бөстің неге?

«Қоян алам» деп тұрсың мына жерде,

Өткір болсаң жақсы ғой өттім деме. [1,153 б ]

Бекарыс пен Мұхамеджан айтысында:

Мұхамеджан:

Ақын намаз оқыса хақты танып,

Алдымен ауыздағы сөз түзелер.

Он күнәнің тоғызы тілден екен,

Сөз түзелсе, иншалла, ел түзелер. [1,117 б]

         Қуаныш пен Мұхамеджан:

Мұхамеджан:

Жаңадан кеп қосылған жолдастан да,

Ескі досың ертерек сырыңды ұғар.

«Үйренген хан иленген терідей»деп,

Бекер айтты дейсің бе бұрынғылар. [1, 137 б]

Нұрлан мен Тілеген:

Нұрлан: Ақындарды күткендей алдан бір іс,

Айтыс десе суырып алған қылыш.

Тең теңімен, тезек қабыменен.

Екеумізді жұп қылып салған дұрыс. [1,323 б]

Ақындар мақал-мәтелдерді қолдануда оларды авторлық өңдеуден өткізіп, яғни бір сыңарын синоним сөзбен алмастырып немесе мағынасын басқа сөзбен алмастырып жеткізеді. Яғни, айтыс ақындары халықтың бай тілдік қазынасын игере отырып, оларды орнымен орайластыра қолданып, олардың бір компоненттерін түсіріп, орын ауыстырып немесе өлең жолының ұйқасына қарай басқа сөз келтіре отырып, жаңа тіркес жасаған. [3,35 б] Мысалы, «Жақсының өзі өлсе де, ісі өлмейді» (Әзімбек Жанқұлиев), «Ақ уыз өлеңге елді жарытайық, Қойдың егіз табары құт қонақтан» (Дәулеткерей Кәпұлы). Мұнда «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген мақалды тосын формаға түсіріп, тыңдарманның назарын еріксіз өзіне аударып тұр. Немесе Балғымбектің: «Үндемей итің тұрған соң, Қораңа келіп шошқа үрді» деген тіркесі «Ит жоқта шошқа үреді» деген мәтелдің негізінде жасалған. Тағы да басқа мұндай мысалдарды ақындардың сөз қолданыстарынан көптеп кездестіруге болады: «Өйткені мен атама не көрсетсем, Ұмытпаймын алдыма сол келерін» (Нұрлан Мұсаев), «Қияға қанат қақққан бір ұлың ем, Ұяда көргенімді ілу үшін» (Бекарыс Шойбеков), «Қара алтындай көремін қадіріңді, Сары алтындай дер едім сабырыңды» (Балғымбек Имашев), «Сөз айттық екеуіміз де жарасымды, Ұрыста енді қандай тұрыс болар» (Салауат Исақаев) және т.б.[ 5, 4 б]

Мысалы:

Жібек пен Айтақынның айтысында:

Сөзіңе жауап беремін,

Мен емеспін жаманың.

Сын айтпай мін түзелмес,

Жақсы қайдан табамын. [1, 297 б]

Серік пен Қоныспай:

Көрмес жан түйені де көрмес, інім,

Жақсының соңынан сөз ермес, інім.

Қашанда жөн білмейтін әкім үшін,

Ақындар еш жауабын бермес, інім. [1,116 б]

Жалпы айтыс ақындарының өлеңдерінде сөз үнемдеу, мақал – мәтелдердің сыңарларын ықшамдап қолдану – жиі кездесетін құбылыс. Кейбір мақал – мәтелдерді өлең тармақтарына икемдеп, иіп әкеліп инверсиялаған.

Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысын зерттеген ғалым Р.Сыздықова: «Өлең синтаксисінің проза синтаксисінен басты ерекшелігінің бірі – инверсияда жатыр. Сөйлем мүшелерінің түркі тілдеріне, соның ішінде қазақ тіліне тән классикалық тәртібі: бастауыштан баяндауыштың бұрын тұруы, тұрлаусыз мүшелердің өздері қатысты сөздерден (мүшелерден) бұрын орналасуы, құрмалас сөйлемдегі бағыныңқы компонентінің басыңқыдан бұрын келуі — өлеңде жиі және оңай бұзылып, инверсия жасайды. Және бір қызығы мен тәуірі – бұл бұзылыс, әдетте, өлеңнің бойына біткен табиғи қасиетінің бірі болады да, «құлақ кеспейді», — деп көрсетеді. [4,34 б]

 Мысалы, Бекжан Әшірбаев Қуаныш Мақсұтовпен айтысында:

«Әкім боп жүргеніңде қайда қалдың,

Ақсақ қой маңырайды түс ауғасын»,- деген сөз саптаулары дәлел. Немесе:

«Қара алтындай көремін қадіріңді,

Сары алтындай дер едім сабырыңды» (Балғынбек Имашев пен Иманғазы Нұрахметов).

 «Мақал – сөздің мәйегі» дей отырып, жоғарыдағы мысалдардан айтыскер ақындардың тілінде мақал – мәтелдердің дағдылы орындарын ауыстыру (инверсия), сөз қалдыру (элипсис), сөз қосып, мағынасын толықтырып, жаңғыртып қолдану және бұрынғы тіркестің негізінде жаңа тіркес жасау сияқты өзгерістерді байқауға болады.

Сонымен, айтыс өлеңдеріндегі мақал – мәтелдер айтыстың көркемдік бояуын қалыңдатып, ширықтырып, тілдің эстетикалық қызметін күшейтіп, өлең сөзді айшықты етіп тұр. Ал, тың, туынды қанатты сөздер мен мақал – мәтелдер әдеби тілімізді байытуға қосқан айтыс ақындарының үлесі екендігін көрсетеді.

Мақал – мәтелдердің әдеби тілге қатысын айта келе ғалым С.Исаев: «Әрбір мақалдың сөз тігісін, сөйлем құрылысын, ұйқасты, үйлесімді сөз саптасын, сырт тұлғасының ғана емес, бір сөзбен бір сөз туындап, сыңғырлап ұқсар келуі, аз сөзбен көп мәнді аңғартуы, тәлімдік, тәрбиелік мәні – бәрі-бәрі айшықты да айқын, ұшқыр да ұтымды екені көрсетеді. Әдеби тілдің сұрыпталған, сымбатты сипатын сақтап қана тұрған жоқ, сонымен бірге, әдеби тілдің икемділігін арттырып, дәлдігін айқындап, дамыта түседі», — деп қорытады. [6, 72 б]

Нақыл сөздердің қолданылуы. Айтыс өлеңдерінен кездесетін нақыл сөздерден халықтың ақыл – ой армандары, ел тағдыры, аталық ақыл — өсиет сарындары сезіледі. Сонымен қатар, тәрбиелік мәні бар философиялық түйіндер беріледі. Мысалы: Бекарыс Шойбековтың өзінен жас шамасы  әлдеқайда үлкен Әсия Беркеновамен сөз сайысында:

«Базардан келе жатып жолықтың-ау,

Базарға бара жатқан баламенен» — деп, өрелік танытады. Мысалы, Мұхамеджан Тазабековтың Бекарыс Шойбековпен сөз тартысында:

«Ассалаумағалейкум, абзал елім,

Артына сөз қалдырған, мал қалдырмай.

Салмақтап, салиқалы ой тастайын,

Сары майдан суырып алған қылдай», [3, 71 б] немесе:

«Иманды елдің ұрпағы емес пе едік,

Анасы – ар, бабасы – жер сатпаған.

Билері бәтуасыз сөзге бармай,

Ұстасы ескі ағаштан ер шаппаған.

Жамағат, жанашырым сіздерсіздер,

Сабырына сүйеніп жан сақтаған», [3,103б] — дейді. Және тағы да Мұхамеджан ақынның Балғынбек Имашевпен сөз қағысында:

«Болғанда айтыс – кеме, өлең – теңіз,

Жаңа толқын болармыз өлеңге біз». Немесе Қуаныш Мақсұтовпен айтысында:

«Қазақ енді бірлікті қазық етсін,

Бір Алладан бөлінбес енші алғандай», [3,171 б] — деп, ақыл сөздің мәйегін ұсынады. Қарап отырсақ, айтыс өлеңдеріндегі қанатты, нақыл сөздер айтыстың көркемдік бояуын қалыңдатып, ширықтырып, тілдің эстетикалық қызметін күшейтіп, өлең сөзді айшықты етіп тұр. Сонымен қатар, Айтақын Бұлғақов пен Айнұр Тұрсынбаеваның сөз барымтасында Айтақынның:

«Тораңғыдай топтасқан,

Саясы болар көлеңке,

Сазға біткен тал жақсы.

Аузы – басы майланар,

Баға білсең мал жақсы», [3 167 б]- деген аталы сөздерді тануға болады.

Сөйтіп, тың, туынды қанатты және нақыл сөздер әдеби тілімізді байытуға қосқан айтыс ақындарының үлесі екендігін көрсетіп тұр. Кез келген этнос атаулының ежелгі дүниетанымдық жүйесі, халықтық рухы әуелі оның тілінде көрнектенеді. Р.Сыздық айтқандай: «Бүгінгідей ана тіліміз – қазақ тілінің дәрежесі көтеріліп, әлеуметтік жүгі артқан кезде, осы тілдің барша байлығын игеру, тарихын білу – рухани парызымыз болмақ». [4, 16 б]

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.  Қазіргі айтыс. Астана. « Күлтегін» баспасы 2004 жыл

2.  Т. Жанұзақов.Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.  Алматы. Дайк-Пресс, 2008

3.  М.Тазабеков. Айтыстар. Алматы, 2006 жыл

4. Сыздықова Р.Ғ. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. – Алматы;

Арыс,  2004.

5.  Әбіл Қ. Айтыс мәдениеті // Егемен Қазақстан.- 2001. – 10 ақпан.

6.  Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы: Оқулық. – Алматы: Ана тілі, 1996.

7.  Ж.Ерман. «Екі тізгін бір шылбыр». Алматы. Атамұра. 2008 жыл

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *