Басты бет Негізгі бет Айтыстың ақтаңгерін ардақтады
Айтыстың ақтаңгерін ардақтады

Айтыстың ақтаңгерін ардақтады

 1 226 0

Қалбатаудың қыраны, айтыс өнерінің хас шебері, қаламгер Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдығын ақынның еңбек еткен киелі мекені –Көкпекті жұртшылығы дүркіретіп өткізді. 

Мерейтойы аясында ұрпаққа өнеге, ғибрат болатындай  тағылымды іс-шаралар атқарылды. Ең алдымен ауданның тарихи-өлкетану мұражайында ақынға арналған залдың салтанатты  ашылуы өтті. Мұражай директоры Клара Рафикқызы Қ.Алтынбаевтың өмірі мен шығармашылығын қамтитын 300-ге жуық жәдігердің таныстырылымын жасады. Қалихан Алтынбаев атындағы Мәдениет үйінің алдына ақынның  кеуде мүсіні қойылды.

Оқырманға  «Дала бесік», «Қиял қанатында», «Қалбатау» жинақтарын, «Мамай батыр» дастанын, «Ақсуат», «Көкпекті» сияқты тарихи зерттеу кітаптарды тарту еткен Қ.Алтынбаев есімі көпшілікке ең алдымен айтыскер  ақын ретінде танылған. Халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтен бата алған ақын алғаш рет 1947 жылы Көсембек Байқұтановпен сөз сайысына түскен екен. Айтыскер ақынның мерейтойына  арналған  «Жыр тұнған жағасында Көкпектінің» деп аталатын республикалық айтысты жүргізген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс  ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, ұлттық өнердің жанашыры Жүрсін Ерман: «Кешегі 80 жылдары айтыс қайтадан жанданып, халықпен қауыша бастағанда ұмыт бола бастаған осы өнердің көшін түзеп, уығын қадап берген төрт ақын болды. Олар Қызылордадан Манап Көкенов, Шымкенттен Көпбай Омаров, Көшетаудан Көкен Шәкеев болса, біреуі осы Қалихан Алтынбаев ағамыз еді. Содан бері ағаларымызды бірінен-бірін бөлмей, есімдерін қатар атап, тағзым етіп келемін. Ел ішінен шыққан дара талант,сөз шебері, жазушы, айтыскер ақын  Қалихан Алтынбаев рухани жаңғыру тұсында шын мәнінде еске түсіріп, тағылым алатын,жастарға үлгі ғылып ұсынатын тұлға, ұлтжанды қайраткер»,- деп  атап өтті.

Көкпектідегі аламан айтыс екі ерекшелігімен дараланды. Біріншіден, айтыскерлердің жұбын сахнада жеребе арқылы көрермендер өздері анықтап берсе, екінші, қазылар алқасының құрамында айтыскер ақындар болды. Бірінші жұпта Ақтөбе облысынан келген  Марат Ахметов пен Арқалықтан шыққан Тоба Өтепбай  өнер көрсетті. «Теректей бой көтерген баласының, еңсесін бәйтеректей биіктеткен» деп арқаланып бастағанменМарат ақын бұрынғы деңгейінен төмен айтысты. «Көкпектінің жерінде көкке ұмтылған, Қалихандай тұлғалы Қалбаң тұр » деп өрнекті өлеңімен елең еткізген Тоба да деңгейлес өнер көрсетті. Екінші болып сахнаға көтерілген адуынды ақын Аспанбек Шұғатаев пен моңғолиядан келген қандасымыз Серік Қуанғанның сөз сайысы көрерменің көңілінен шығып, бір желпінтіп тастады. « Бесіктегі баласы, бес қаруын жастанған» деп жыраулар ізімен төкпелеткен Аспанбектен Серік Қуанған ыға қоймады, тең өнер көрсетті. Бұл айтыстың жаңалығы, «Арманын бұйра бұлтқа жазып кеткен, Қалихан Қалбатаудың қалқанындай» деп тебіренген жас ақын Жасұлан Мақаев пен  қарсыласы Манарбек Сатыбалды  болды. Үлкен сахнада тұңғыш өнер көрсеткен екеуі де, тынысы кең тұлпарға айналатынын аңғартты. Жас ақындардың өнеріне тәнті болған Жүрсін Ерман ағамыз « үлкен олжа» тапқанын айтып қалды.  Биылғы айтыстарда шашасына шаң жұқтырмай, жүлделі орындарды алып жүрген Рүстем Қайртайұлы осы жолы да бабында екенін көрсетті. Қарсыласы Оңғар Қабденовтен басым түсіп, ең жоғарғы ұпайды иеленді . Айтыстың ақберені Ринат Зайытовпен сөз қағысқан Нұрлыбек Құрманов болды. Суырыпсалмалық өнердің нағыз майталманына айналған Ринатты халық  қошеметіне бөлеп, қазылар ең жоғарғы ұпаймен бағалады. Шешуші айналымға шыққан төрт ақын барын салды.Бас жүлде үшін айтыс  Ринат Зайытов пен Рүстем Қайыртайұлының арасында өрбіді.Қос ақын мәреге жақындаған сайын шабысын үдеткен жүйріктей өршелене ұмтылды. Ақындардың аузынан азаттықты қадірлеуге, ұлт мұрасын қастерлеуге, елдікке, бірлікке шақырған лағыл жыр төгілді. Ел-жұрттың мұң-мұқтажын кестелі жырмен, көркем оймен жеткізе білді. Көкпектінің арғы-бергі тарихын, Қалихан Алтынбаев мұрасының ерекшелігін, жан-жақты қырын жарыса жырлады. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қызмет атқаратын Рүстем Қайыртайұлы Қалихан Алтынбаевқа арналған республикалық айтысты:

Тәңірдің нұры тұрған тамып көктен,

Көкпектім жүзің жарқын жарық неткен?

Қайсібірін айтайын ұлдарыңның,

Есімін дүниеге дәріптеткен.

Атымтай Тана мырза, Дәуіт хазірет,

Дін исламды далаңда дамытты еппен.

Отыншы Әлжановтай арыстарың,

Отын боп алаш үшін жанып кеткен.

Хамит Тоқтамысовтай қайсар қазақ,

Жұлдыздай жарқ ете сап ағып кеткен.

Фашисті қойдай қырған Қойгелдіні,

Ерлігі ғой ғаламға даңқты ектен.

Жақияның жүрегіндей жүрек бар ма?

Мың баланы мәпелеп бағып күткен.

Қалбатау малдас құрған қариядай,

Батырын ер, ақынын шабытты еткен.

Алтынбаев емес пе сол қарияның,

Төсіне алтын жұлдыз тағып кеткен, — деп түйіндеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтың төрағалығымен, халық ақыны Қонысбай Әбілов, айтыскер ақындар Дәмеш Омарбаева, Серік Қалиев, жазушы, ақын Нұржан Қуантайұлынан құралған қазылар алқасы бас жүлдеге Ринат Зайтов лайық деп шешті. Бірінші орын Рүстем Қайыртайұлына бұйырса, екінші орынды АспанбекШұғатаев еншіледі. Жүлделі үшінші орынды Серік Қуанған алды. Жас ақын Жасұлан Мақаев   аудан әкімінің арнайы сыйлығына ие болды.Айтулы іс-шаралардың сәтті өтуіне  қолдау көрсетіп, жанашырлық танытқанаудан әкімі Рамиль Нығыметжанұлына, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлібек Түсіпбекұлы мен аудандық «Жұлдыз» газетінің бас редакторы Дархан Бердібекке және демеушілік көрсеткен кәсіпкер азаматтарға халық ризашылығын білдірді.Ақынын ардақтап, еске алған ел рухани азық алып серпілді.  Рухани жаңғыру жылында Қалихан тұлғасы одан ары биіктей түсті.

Серік Әкірамұлы

WWW.AITYSKER.ORG

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *