Басты бет Мақалалар ҚАЗІРГІ АЙТЫС: кезеңдік ерекшеліктер

ҚАЗІРГІ АЙТЫС: кезеңдік ерекшеліктер

 19 172 0

айтыс

Риза Тасқынғалиқызы Әлмұханова – Қазақ ұлттық өнер университеті, Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы.

 

 

 

 

Ақындар айтысы жанрлық қалыптасуын рулық айтыстардың арнасында дамытқаны белгілі. Жалпы айтыстың ұзақ даму жолындағы кезеңдік ерекшеліктерін, басты сипаттарын саралағанда, дәстүрлі айтыс, кеңестік айтыс және еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттағы сөз сайыстарын қазіргі айтыстар деп жіктеуге болады. Айтыстың жанрлық басты ерекшелігі: сын мен мадақтың қатар қолданысы бір арнада қалыптасқандықтан рулық айтыстар дәстүрлі айтыс болады. Жанр − тарихи категория, қоғамның дамуымен әр кезде айтыстың жаңа түрлерін шығарды. Бірақ рулық айтысты дәл қайталаудың өзі заман талабына, қоғам талабына сай келмейді. Алайда, қазіргі айтысты дамыту бабалар өнерін жаңғырту мақсатында ғана емес, ұлттық идеология үшін де қажетті өнерге айналды. Жалпыхалықтық сұранысқа ие болуға әлі уақыт керек, оның үстіне ұлттық рухани құндылықтарымыз кеңестік дәуірде тоқырауға ұшырағандықтан, дәл қазіргі айтыстардың көркемдік деңгейі туралы біраз сын айтылды. Дегенмен жазба ақындық пен суырыпсалмалықтың өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктерін, әрине, сыншы да, тыңдаушы қауым да түсінеді. Тек ол ғана емес, суырыпсалмалық өнердің тоқырауына бір ғана кеңестік саясатты кінәлі етудің қажеті жоқ. Әлемдік үрдістің бетін кері бұру мүмкін еместігін де ойлау керек. Кеңестік кездегі саясат ұлттық санаға теріс ықпал жасағанымен, қазақтың рухы, елдік рух түбегейлі өлген жоқ. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақтың рухани мұраларын жандандыруда, айтыстың жаңғыруында бұл − басты алғышарт.

«Қазіргі айтыс» жинағын үш том етіп жариялатқан филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков кейбір кемшіліктерді атап өткен. Олар: сөзге әуестену, қайталаудың көптігі; ырғақтағы кедейлік; қазіргі ақындардың өзіндік «Мені» әлсіз; өзін-өзі кемсітудің, орынсыз қорланудың бір түрі – қарсыласын мақсатсыз мақтау; қоғамның жақсылығын көрмей, орынсыз ғайбаттау. Ғалым мұндай кемшіліктердің орын алуына айтысатын уақыттың шектеулілігі де теріс әсер етіп жатқанын ескертеді [1,7-б.]. Сондай-ақ, бұрынғыдай ақындардың бір-

бірінің намысына тиіп сөйлеудің жоқтығын қазіргі ақындардың моральдық тұрғыдан кемелденуі деп бағалайды. Әрине, қоғамның дамуы мәдениеттілікті талап етеді және қазіргі айтыс ру айтысы емес, бүгінде өз руына артықшылық беруді қай орта болса да, төмендік деп таниды. Ал, айтыста, қалайда, жеңу керек болған соң алдындағы адамның сарылығын немесе қаралығын айту, осы деңгейдегі түрлі теңеулерді құрал ету қазірде жас талап арасында жиі кездеседі. Адамның дене бітіміндегі кемшілікті тілге тиек ету бұрыннан бар, алайда, ол кезде тиісетін ақынның сөзі де, жауап берушінің де шешендікпен қайтарар сөзі дайын болған соң айтыстың ширақтығы сезіледі. Тек соңғы буын ақындардың шеберліктері жетпей жатқаны анық. Әйтпесе, айтыста қолданылатын бір тәсіл ретінде мұндайға шек қойылмайды. Соның өзінде жекебастың кемшілігін тілге тиек етуді тыңдаушы қалай қабылдайды, бұл да осы күні әркімнің жеке талғам-танымына байланысты.

Еліміздің тәуелсіздігін паш етіп, мақтанудың өзі ұлттық идеологияға қызмет етеді. Болашақта ұлттық идеология үшін маңызды айтыс жалпыхалықтық сұранысқа ие болуы керек. Әрі ақын – идеолог, ол қазақтың ән-жыры, рухы тал бойына дарыған перзент ретінде сөйлемеуі мүмкін емес. Саяси мінберлерден күткен сөздер аздық етіп жатқанда, айтыс төрінен айтылған ақын сөздері жиналған қауымның көңілін талай серпілтті.

Жетпіс жылғы кеңестік тегеуріннің ұлттық санаға, руханиятқа жасаған қысастығын ашық айтсақ та, облыс ақындарын сахнаға шығарып, айтыс жасатудың пайдасын екі жақ та көрді. Осылайша сөз сайысына салу арқылы кеңестік дәуірде аймақтардағы шаруашылықтың жағдайын сынға алып, айтысты пайдалана білді. Ол кезде тек газет-журнал мақаласы ғана емес, айтыс үстінде ақындардың өлеңмен «іліп» кеткен жәйттердің өзі сол өңір басшылары үшін үлкен сын болатын. Және ол кездегі сыннан нәтиже болатын.

Ұлттық өнерге жанашырлық ойлады ма, әлде бұрыннан бар нәрсені пайдаға асыруды ойлады ма, сауалды дәл осылай қоюдың мәні жоқ, маңыздысы – кеңестік кезеңде елдің шаруашылығы мен мәдени саласындағы кемшіліктерді сынға алып, жолға салу мақсатында ақындар айтысын ұйымдастыруды өзіміздің рухты азаматтар бастады. Бұл бастама ұлттық санаға да әсер етті. Халқымыз айтысты ұмытқан жоқ. Ал, табиғи талантты ақындардың суырыпсалмалық қабілетті мүлдем ұмытуы немесе өмірде қолданбауы мүмкін емес. Ақынға қара сөзден өлең оңай, ыңғайы келген сәттерде төкпе өлеңдер өздігінен шығып жатады. Айтыстың арнайы

ұйымдастырылуы, ақындардың қоғамдағы бедел, абыройы, мұның бәрі, бабалар құрмет тұтқан өнердің үзіліп қалмауына ықпал жасады.

Кеңестік кезеңде айтыстарды ұйымдастыруда суырыпсалмалық қабілетті өнер ретінде жаңғырту басты шарт болған жоқ. Ақындардың алдын ала жазып дайындалуы осыдан басталды. Бұл қазіргі айтыстарды ұйымдастыру үшін де қажеттілік болып шықты. Оның үстіне мәдениеттілікті, прогресті қағаз бен қалам арқылы бағалау қалыптасқандықтан, шешендіктің тар аяға түскеніндей айтыстың да қанаты қусырылды, тынысы тарылды.

Тоқырауға ұшыраған суырыпсалмалықтың бірден сара жолға түсуі қиын. Солайша өлең құрауға икемі бар кейбір жастардың алдын ала жазып дайындалуына мүмкіндік жасау жолашар қажеттіліктен туды.

Қазіргі ақындар жазып дайындалса да, тұтас айтыс спектакльге айналған жоқ. Тайталас, бастан сөз асырмас асау мінез бәсеңдеу болса да, жоқ емес, бар. Бұл қарсыластың сауалы жауапсыз қалмағанынан байқалады.

Айтыс «қызды-қызды» жағдайлар тудыруымен әсерлі. Мерейтойлық немесе мерекелік айтыстарды өткізу идеология үшін керек болса да, бұл жанрдың даму бағытындағы ерекшеліктерді де ескеретін уақыт келді. Дәстүрлі айтыстың сыншысы халық болған, осыны қалыпқа келтіру абзал. Ал, XXI ғасырдың адамын тек терең және озық оймен ғана қызықтыру мүмкін, жұмбақ айтыстардың өзі қоғамның дамыған кезінде пайда болып, сұраныс тудырған. Жалаң қызығушылық ғұмырлы болмайтынын ескеріп, болашақтағы айтыстарда ақындардың қалың жұрттан озық көрінуін қамтамасыз ететін тақырыптық кеңдік, өткізілетін шаралардың жаңашылдығы керек. Аймақаралық айтыстар дәстүрге айналмаса да, қазіргі айтыстарда жергілікті өңірлердегі кемшіліктердің тілге тиек болғандары бар. Алайда, басты лейтмотив мерейтой немесе мереке болған соң айтысушы ақынның келген жағындағы кемшілікті айту дәнекер-сөз деңгейінде қалып жатады. Талантты айтыскерлер айтыстың қай түрін қолданса да, жергілікті жерлердегі кемшіліктерді де, ұлттық мәселені де көтере біледі. Мәселен, астана болғаны бар, бас қала атанғаны бар, солайша Алматы сынға көп ілікті. «Атанды апорт қала − аборт қала» (Бекжан Әшірбаев), «Алматының көшесінде көрінбейді Орысша, ағылшынша жарнамадан», «Абылай хан даңғылында тым болмаса, Суреті Абылайдың тұрмайды ма?.. Храпуновқа жезде деп қалжың айтып, Жөндеуге сенің миың жетпейді ме?» (Қуаныш Мақсұтов), «Жемқорлық, сыбайластық жоғалмайды, Шенділерде болмаса ұлтжандылық» (Аманжол Әлтаев) деген сөздер тыңдаушының құлағына жетті. Ал, нәтиже әзірше болашаққа үміт артумен шектеледі. Нәтиже болуы

үшін әкімдердің мұндай шарадан тыс қалмайтындай жағдайлар ескерілуі тиіс, яғни аймақаралық айтыстардың қажеттілігі анық. Және қарсы ақынның аулындағы келеңсіздіктер айтылғанда, «оны әкімнен сұра» дегендей жадағай жауаптар айтылмас еді. Айтыста айтылған сынның жауабын талап ететін жағдайлар да жасалуы керек.

Мерекелік айтыстарда мақтаудың басым болуы түсінікті. Ал, Президентті мақтау, әрине, оны құрметтеумен сабақтас. Қазақтың намысын, ең алдымен, өзіміз ойламағанда, Шуткин мен Хитриндердің ойламайтынын алға тартып, Қуаныш Мақсұтов «Нұрсұлтан жалғыз жүр ғой ел ішінде, Бір өзі күллі елді мықтайды ма?» дегенін екі түрлі қабылдауға болады. Жасыратыны жоқ, ел ішінде әлі күнге шешімін таппаған жағдайларда халық Президент қасындағы қызметкерлердің лайықты болмай жатқанын айтатыны жасырын емес. Мұндай жағдайда, әрине, Президент айналасында лайықты сүйенері жоқтай жалғыз көрінуі мүмкін. Әйтсе де, таяқтың екі ұшы бар, Президент неге жалғыз? Тірегі мықты болмаса, оның жалғыздығын айту оған абырой ма? Халықтың тағдырын кімге сеніп бердік деген сауалды мәселе айтыста да көтерілген.

«Көпұлтты» деп мақтанған Қазақстан, Көп дінді боп жүрмесін, көп құдайлы» (Дәулеткерей Кәпұлы мен Мұхаметжан Тазабеков) дегенді айта әлемдегі текетірес мылтықсыз майданға айналғанда халқымыздың қарсылық танытар қауқары қаншалықты деген қабырғалы мәселе көтерген. Әйтсе де, мәселені өрбітіп, екі ақын ширыққан ойды санаға терең із қалдыратындай өлеңмен ширата түсуге болар еді. Дегенмен сең қозғалды. Қай жартасқа соғары белгісіз алмағайып, түсініксіз нарық, жаһанданудың әлегі, оған жолай қосылған қыңырлық қарекеттердің де кейбірін айтыс ақындары айта білді (Мэлс Қосымбаев пен Мұхамеджан Тазабеков, т.б.). Сондықтан қазіргі айтыстардың да идеологиялық қызметі маңызды.

Қазақ Тәңірді де, Алланы да фольклорлық санадан шығарған жоқ, дегенмен селкеуліктің түскені рас. Қарсыласының сүрінер тұсын іздеу мақсатында ақындар (М.Тазабеков пен М.Қосымбаев) дін тақырыбына да барды. Жаңа замандағы айтыстың дамуына айтарлықтай ықпал жасады демесек те, халықтың сусаған көңіліне дем берді, тақырып таңдаудағы еркіндік сезілді.

Рулық айтыстарда мадақтау, мақтау да бар, сонымен бірге намыс жыртар сын да бар. Екі жақтың «қызды-қыздысы» осылай шығатын. Бүгінгі айтыстардың біразы анасы мен баласының немесе ағасы мен қарындасының сағынышты кездесулері сияқты. Бұрынғының ақындары «айтылмай қалған

сөз − жетім» дегендей, ішіндегі қыжылды шығаратын. Тіпті, іздеп барып, айтатын. Бүгінде айтыс мәдениетті дегенмен, айтыстың сыпайылықтан аспауы аймақтарды аралап, анықталған кемшіліктерді айтатын ситуациялардың жоқтығы немесе аздығынан болған. Шынайы қабілетпен қалыптасқан тәжірибесі бар бір ақынның жазып шығарғаны мен суырыпсалма өлеңдерінің өзін бір талаппен бағалауға болмайды. Бір ақынның өзі әр кезде әрқалай деңгейде өнер көрсетуі түсінікті. Суырыпсалма айтыстың қандай жағдайларда өткені анықталып отыруы керек. Ең алдымен, ақынның бабы, суырыпсалма айтысуға ішкі дайындық; екіншіден, сахна, жюри мүшелеріне қатысты объективті және субъективті көзқарас; қарсыластың ақындық қуаты, деңгейі, және, ең бастысы, ситуация және оппозициялық қарсылас керек.

Дәстүрлі айтыстың өткірлігі тек қарсыласпен ғана емес, тыңдаушымен де бір байланыс аясында отырып, ширыққан шындықты сол сәтте-ақ жеткізуімен қымбат.

Тегінде, шешендік екінің біріне берілмейді, ал, айтыс − синкретті өнер, бір өзі бір сахналық қойылым. Мұнда ақын әрі шабуылшы, әрі қорғанушы, өзі шешен, тапқыр, әрі музыкант. Айтыстағы ақынның осындай сан қырлы өнерін М.Әуезов: «Жарысқа түсуші ақындар тапқырлықпен, өнерпаздықпен кезек шабуыл қақтығысулары арқылы тыңдаушыларын әр алуан дәрежеде қызықтырып, еліктіріп, неше түрлі құбылыс күйлерге салып отырады… Анығында, ақындар айтысының негізінде өзгеше жанрлық бітім мазмұнында, қолдану дәуірінде қазақтың халықтық театрлық өнерінің мол белгілері бар. Халық театрының анық, дәл ұрығы бар деуге болады» [2, 10-б. ], − деп бағалаған.

«Жігітке жеті өнер де аз» деген бабалар заманында мұның бәрі табиғи қалыптасқан. Бүгінде жаһандық мәдениетке құлаш ұру, қағазбастылық, бір салаға ғана бейімділік, мұның бәрі, суырыпсалма айтысудың қарқынын тежеді. Суырыпсалма айтыс көкіректі кернеген шалқар шабытқа және ситуацияға тәуелді. Ал, шабыттың өзі есепсіз ағып жатқан ағын су емес, үздіксіз, үзіліссіз болмайды, оның сиректігі қазіргі айтыстың «қызды-қыздысы» аздығына себеп болып тұр. Сондықтан, М.Жолдасбеков атап өткендей, бір айтысқан жұптың сахнада жиі «кездестірілуі» ұтымды болмай тұрғаны да ескерілуі керек.

Бекарыс Шойбековтың «Апасы кеп баласын жебеуші ме ед, Сол кезде періштелер демеуші ме ед. Азуы алты қарыс апам менің, Бармақтай мына бізді елеуші ме ед» (Әсия Беркенова мен Бекарыс Шойбеков) дегенінде Әсия

ақын «Азулы апаңнан сен қорықпағын, Жұтуға сен шабақты қия алмаспын» деп жауап беруі ертегілердегі алыптармен кездесетін әлсіздеу кейіпкерді елестетуден гөрі осындай сыйластықты байқатады. Оны осы айтыста жасы үлкен ақын «Балаға жараспайды жеңіл сөйлеу, Сыйластық сыбағадан дәмені үзбек» деп, сездіріп те өткен.

Қазіргі айтыстарда ақындардың Мені әлсіздеу болуы объективті жағдайлармен сабақтас. Әр дәуірдің өз ұстанымы бар. «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» ұранымен өмір кешкен рулық заманның ақыны, қалай мақтанса да, өз руын, елін арқа тұтты. Ру атынан сөйлеген ақынның Мені айрықша болды. Оны Жамбыл ақынның «Мен – Шапырашты, Шапырашты − Мен» деген сарынды академик С.Қасқабасов көрнекті түрде дәлелдеген [3]. Бұлайша сөйлеу сол замандағы түсінікке сай. Бұл қарсы жаққа бет бақтырмай, қалайда, өз руының, яғни өз елінің намысына көлеңке түсірмеу үшін де қажет. Қазіргі ақындардың Менін іздегенде бұл да есте болу керек.

Дала демократиясы ақынның өзін еркін сезінуіне ықпал жасады. Ақын өзін қалай асқақтатса да, ешкім сөкпейтін замандағы Мен басқа.

Бүгінгі таңдағы мәдениеттілік, артық кетпейін деген ойдың санаға сіңуі, қанша дегенмен, белгілі дәрежеде осы ақындық Менге әсерін тигізбей қоймайды. Дәлірек айтқанда, ақындарда Мен, бәрібір, болады. Онсыз ол творчестволық тұлға емес, тек бүгінгі ақындардың Менін түсіне, тани білу керек.

Мәселен:

Ел сенімін ақтаған,

Топтан озған тұлпармын,

Құлтыртып түгін баптаған,

Топшысы берік сұңқармын.

Кеудеде жырым кептеліп,

Борасын болып бұрқармын.

Шайқалтып талай ақынды,

Түндігін жел боп жұлқармын, − деген Қонысбай Әбіловтің сөзіне Шынболат Ділдебаев «Өзіңді мақтаудан сөз аспай жатыр» деп, замандастардың таным-түсінігі бойынша жауап берген. Әйтсе де, сөз сайысы болғандықтан, өзін

жоғары қоятын, әсірелейтін сарын қарсыласушы жақтан да шығып: «Бұл ағаң күңкіл сөзге бара қалса, Басыңа орнатады қаралы күн», − деп, мінезділікті танытады. Яғни қазіргі айтыстардағы ақындық Мен арқалы ақындардың толқын-толқын ойларымен санадан тыс та қолданылады.

Оразалы Досбосыновтың «Қытығына көп тисең бұл ініңнің, Кетерсің бұл айтысты есіңе алмай» дегені айтулы ақындардың арқалы күш-қуатын танытады. Немесе Ринат Зайытовтың:

Тақ сүйетін қазақтың ұрпағымын,

Анау-мынау орындықты шыдатпайтын, − дегенінде де қара бастың мақтаны емес, халықтың тектілігін айту арқа ақындық Мен алға шыққан. Ендеше бұл да − айтыстағы ақындықтың шалқар шабытпен мінез танытуы. Оның үстіне айтыс қасаңдыққа көнбейді. Өз руын мақтан еткен Құлмамбетке Жамбылдың:

Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,

Ел бірлігін сақтаған татулықты айт! [4, 85-б.]− деп айтып, тақырып аясын кеңге салуы, солайша мазмұнды арттыруы оның жеңісі деп бағаласақ, Ш.Ділдебаевтың да сөзін осы тұрғыда бағалауға болады. Ол жекебастың мақтанымен шектелмейік дегенді айтқысы келді, еліміздің мықтылығын, жетістіктерін жырлауға, солайша пафостық айтысқа шақырған. Сол үшін қарсы жақтың жасы кішілігін айтып, «Ақын болсаң, қанекей, Осылай етіп жырлап көр. Қалғанын саған берейін, Қонысбай, қалқам, құлыным», − дегенді айтқан. Яғни қазіргі айтыстарды зерделегенде әр сарынның қызметін, әр қырлы ерекшеліктерді ескеру қажет болады.

Айтақын Бұлғақовпен айтысқанында Айнұр Тұрсынбаеваның:

Ел-жұрттың да көзінде

Байқаймысың, сыр тұнад.

Баяғыда ағалар,

Көш бастап жүрген жұртын ап,

Ал, қазіргі ағалар,

Болмайтын затқа бұлқынад.

Қарындасындай қыздарды

Туғызам деп жұлқынад, − деген екі ақын қоғамдағы жағымсыз әрекеттерді сынға алуда бірі қыз, бірі жігіт болып, оппозиция жасай білді. Солайша көпшіліктің көкейіндегіні дөп басып, көрерменнің ықыласына бөленді. Оппозиция кеңестік кезеңдегі айтыстарда да болды. Өйткені, ақындар аудан не облыс атынан шықты. Ол кезде ақындардың айтар сөзі кәдімгідей резонанс тудырды, бұрын әр ру өзінің жақсысын айтып, қарсы жақтың мінін жайып салып, оппозиция болса, соның орнын аймақтардағы шаруашылық, мәдениет саласындағы ахуалдарды айту арқылы ширақтық берілді.

Әр творчестволық типтің қоғам алдындағы атқарар міндет, мақсаты бар. Жұрт алдында шалқар шабытпен арқаланып суырыпсалма өнермен айтып қалатын жағдайлардағы ақындардың идеологтық қызметі болғанымен, орта ғасырлардағы жыраулармен теңестіруге келмейді. Дегенмен, қоғамдағы өзекті мәселелерді жеткізуде ақындар ешқашан шет қалмаған. «Қазақтың болашағы көркеймейді, Әкімді халық болып сайламаса» (Қуаныш Мақсұтов), − деп, халықтың көкейіндегі сөзді жеткізді.

Сондықтан жаһандану ықпалы айрықша әсер етіп жатқан қазіргі кезеңдегі айтыстарды мінезсіз деуге болмайды. Сондықтан тәуелсіздік жылдарындағы айтыстың басты ерекшеліктері ретінде Ш.Қойлыбаев: «кеңестік қоғамның ықпалынан шыққан біздің саяси-қоғамдық өміріміздегі идеологиялық кеңістікті толықтырды. Айтыста қозғалған азаттық идеясы тәуелсіздік алғаннан кейінгі аралықта біздің қоғамдық құрылымымызда басты идеология екендігін айтыс ақындары дәлелдеді. … әлеуметтік өмір шындығы айтыстың дала демократиясының мінбері екендігін көрсетті» [5, 22-б.], − деген тұжырымы, әрине, дұрыс бағалау.

Ә.Беркеновамен айтысқан Б.Шойбеков жасы кішілігін ойлап, сыйласушылық танытса да, «Кейінгі жас бөрілер жаман, апа, Күшіңізді жұмсамасаң шамаменен. Базардан келе жатып жолықтың-ау, Базарға бара жатқан баламенен» деп, бейнелі жауап айта білді. Жас ақын тілге тиек еткен мұндай бейнелі ұтқыр сөзді, ең алдымен, «ұлы Мұхаң айтты» деген аңыз арқылы білсек те, оны жас ақынның ұрымтал жерде қолдана білуінде шеберлік бар. Яғни айтысқа түскен бозбала өзінің жасының кішілігін ескере отырып, анасындай ақынмен сыйластықты бұзбай, өзіндік Менді танытқан.

Ал, «Бұл інім барлық елден ерек шығар, Ойы да алабөтен, зерек шығар. Ағасын қауын дейді мына бауыр, Бауыр десең, бірақ та бөлек шығар» деген Баянғали Әлімжановтың осындай «тыйып тастауынан» гөрі Мэлс Қосымбаевтың есіміне қатысты айтқан Мұхамеджан Тазабековтің уәжіндей салиқалы оймен әдіптелгенде ұтымды болар еді. Мәселен: Мэлс өз есімін өзі

қоймағанын айтып, «үйдегі кемпір-шалдан сұра» деп жауап қайтарған, естір құлаққа бұл да сөз тапқан дегізері бар. Әйтсе де, Мұхаметжан ойға жүйріктігін танытып: «Жайдақ сөзге соншама мән бердің-ау, Құлайтын адам сынды мұнарадан. Менің айтқым келгені қазағымның Тарихы да осылай бұрмаланған. Басқа түгіл атың мен фамилияңа Саясат өз шегесін сыналаған» деп, үлкен арналы ойға түсірген. Мэлс те ақындықтың төріндегі тұлға, Мұхамеджанның: «Басыңдағы қалпақты мұрап дейді, Мұрапты патша мен хан киеді. Жөн-жосықты білмейтін бұл заманда, Келінінің кебісін шал киеді», − дегенінде:

Басыма киген мұрабым,

Мұхамеджан, байқасаң,

Осы айтыста бүгінгі

Басыма қонған бақ шығар, − деп, тапқырлық танытады.

Жалпы айтыстардың «қызды-қызды» дегізетін, кульминациялық деңгейі үстем болатын дамуы алда. Сайысты қыздыруға ниет еткен сауал тастаушы ақынның өзі «осылай айтқаныңда дұрыс болар еді» дегенді айтудың орын алуы −осының хабары.

Прозаизм тек жазба ақындарда ғана емес, айтыс үстінде де кездеседі. «Дегенмен жұмыс жасап көрейікші», «Бесіктен белің шықпай не пәлесің…», «Не пәле боран жайлы сұрағаның?» − осының дәлелі. Дегенмен Бекарыстың сөзге шешендігі «Баста десең, бастайын бір бәлені, Әйтеуір, еркек деген атымыз бар» деп, «сыйға-сый» дегеннің кебін кигізген. Айтыстағы тіркес сөздердің орынсыз қолданылатындары да бар.

Өлеңіңді, ағасы, от қылып ең,

Сөйлейсің төрелердің текті үнімен, − деп бағалаған қарсыласына іле-шала:

Балық үндес, болғасын бақа тілдес,

Өзіңе айтар ойды дөп қылып ем, − деген жолдарды қалай түсіну керек? Бақаның тілі оның бақылдағаны десек те, балықтың үнін есту мүмкін бе? Ал, адам қалайша бақа тілдес, балық үндес? Сырттағы сыншының айтуы міндет емес, ақындардың өздері де өз шығармашылығына сын көзбен қарауға мүмкіндіктері бар.

Дәстүрлі рулық айтысқа тән адуын, өршіл ақындық Мен болмаса да, бүгінгі заман адамына лайық мәдениетті түрдегі Мен бар. Айтыстың

мақсаты, қалайда, жеңу болғанымен, бүгінде бұл соншалықты мақсат болмай қалған сияқты. Жеңілсе, қара жер көтереді дегендей, ешкімнің алдында есеп бермейтін болған себепті кейбір ақындарда немкетілік те жоқ емес. Бұл шынайы айтыс деңгейіне жету жолындағы кездеспей қоймайтын уақытша жағдайлар. Тартыс тек шынайы суырыпсалма айтыста өрбиді, оған ұйымдастырушылық қабілет керек.

Қорыта айтқанда, қазіргі айтыстардағы ақындық Мен сарынының ерекшеліктері ескерілуі керек және ұлттық идеология үшін маңыздылығы ескеріліп, алдағы уақыттағы бұл жанрдың дамуына жағдайлар жасалуы тиіс. Болашақта айтыстың жеңімпазын анықтауға көрермен қатыстырылуы керек; аймақаралық сайыстарды қалыпқа келтіру арқылы айтыстың ықпалдылығын арттыруға болады; ол айтыстың ширақтығын арттыратын ситуация мен оппозициялық жағдайларды тудыруға себепші болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жолдасбеков М. Алғы сөз //Қазіргі айтыс. Құрастырушылар: И.Нұрахметұлы, С.Дүйсенғазин. – Астана: Күлтегін баспасы, 2004. – 1-кітап.

2. Айтыс. Т.2. Алматы: Жазушы, 1965.

3. Қасқабасов С. Елзерде. –Алматы, 2008.

4. Жабаев Жамбыл. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т.1. Революцияға дейінгі шығармалары (Құраст.: Садырбаев С., Сейдеханов К.). – 1982.

5. Қойлыбаев Ш. Қазіргі айтыстың идеялық-көркемдік ерекшеліктері. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған кандидаттық диссертацияның авторефераты. Астана, 2009.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *