Басты бет Негізгі бет АҚЫРЗАМАН БОЛҒАНША, АМАН САҚТА, ҚАЗАҚТЫҢ АЗАТТЫҒЫН, ҒАЖАП КҮНІН!
АҚЫРЗАМАН БОЛҒАНША, АМАН САҚТА, ҚАЗАҚТЫҢ АЗАТТЫҒЫН, ҒАЖАП КҮНІН!

АҚЫРЗАМАН БОЛҒАНША, АМАН САҚТА, ҚАЗАҚТЫҢ АЗАТТЫҒЫН, ҒАЖАП КҮНІН!

 2 043 0

2017 жыл шымылдығын жабар тұста, ақбас Алатаудың етегінде жыр додасы өткен еді. «Тәуелсіздікке тарту» жасаған ақындардың бұл бәйгесі қорытынды іспеттес сөз сайысы болатын. Жыл он екі ай әр облыс төрінде биік өнер көрсеткен айтыс мергендері жиылған бұл додаға 18 ақын қатысты.  Бас-аяғы тоғыз жұп айтыстың алғашқы күні сөз сайыстырса, бәйгенің екінші күні кіл «сен тұр, мен атайындар» қарасөзден маржан шашты.

Айтыс жанашыры, осы киелі өнердің ыстық-суығына тоңып, отына өртеніп жүр­ген көрнекті ақын Жүрсін Ерман айтыстың шымылдығын ашып тұрып: «Бү­гінгі аламанға еліміздің түкпір-түк­пірінен он сегіз ақын келді. Бұлардың қай қай­сысы да осал емес. Бұған дейінгі рес­публиканың әр аймағында өткен айтыста жеңімпаз атанып, бас жүлде алған жүйрік­тер. «Тәуелсіздікке тарту» деген айтыс – бір жылдың қорытындысы. Кіл жүйріктер қатысып отыр. Он сегіз ақыннан озып шығып, жүйрік атанғаны – «Айтыстың ақ­тангері» атағына ие болады» деді.

«Елбасы Қазақстан халқы ассамблея­сын­­да сөз сөйлегенімде менің сөзімді бір­­неше рет бөлді. «Айтысты барынша қол­­дау керек, жыл соңына қарай не Ал­ма­ты, не Астанада қорытынды айтыс өт­­кізіңдер!» деп тапсырма берді. «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» Мемлекет бас­шысының мақаласында айтылатын «ұлттық код» деген ұғымға халқымыздың қайталанбас керім өнерінің бірі айтыс та жатады. Сондықтан осынау киелі өнердің шын жанашырлары бізді әркез қолдап келеді» деді Жүрсін Ерман.
Шыны керек, айтыстың төңірегінде түйт­кіл әңгімелер де көп. Айтыскерлерді елден жырып, бөліп алып «жеке айтыс» жа­сағысы келетіндер де төбе көрсетіп жа­тыр. Осындайда халқымыздың «бөлін­ген­ді бөрі жейді» деген нақылы еске түсе­ді. Жүрсін Ерманның айтысқа сіңірген еңбегін ел біледі. «Айтыс-айтыс» деп сақал-шашы ағарған адамды оңды-солды түртпектей беру кімге керек? Қанша маңдайы жарқырап тұрған продюсер шық­са да, айтыскерлер Жүрсінді ұстаз са­найды, халық та жақсы көреді. Нардың өзін барында пайдаланбасақ, осы күні­мізге де зар болып қалмайық…
Сонымен, екі күнге созылған айтыста Тәуел­сіздік мадақталды. Елдік ұғымдар ел алдына шықты. Халықтың құлақ құры­шы қанды.

Бірінші күн
Айтыстың алғашқы күні тоғыз жұп сах­наға шықты. Алматы жұртшылығы айтысты сағынып қалған екен, түннің бір уағына дейін тапжылмай отырды. Ай­тыскерлер де еті қызып жүргендері білі­ніп, қамшы салдырмады. Тәуелсіздік ту­ра­лы толғап, жыр додасының көрігін қыз­дырды. Алғашқы жұп болып, қараған­дылық Мақсат Аханов пен Аруна Керім­бек сөз сайысына түссе, екінші болып, сах­наға қызылордалық сайыпқыран Мұх­тар Ниязов пен Атыраудың Шалқарбай Ізбасаровы сөз қағыстырды. Рүстем Қайыр­тай мен Әсем Ережеқызының жұ­бы да қыз бен жігіттің ерекше айтысын жа­сады. Хазірет Бердіхан мен Марат Ах­метовтің, Мейірбек Сұлтанхан мен Қа­лижан Білдәшевтің айтысы да көрермен көңі­лінен шықты. Оралдық дүлдүл Жан­сая Мусина мен қарағандылық Тіле­ген Әділовтың айтысы көрерменді әзіл-қал­жыңға орады. Павлодарлық жүйрік Аспан­бек Шұғатаев пен ақтөбелік Ершат Қайболдин де бір-бірінен кем түспеді. Алғашқы күні сүбелі айтыс жасағандар қостанайлық Айбек Қалиев пен астана­лық Еркебұлан Қайназаров болды. Се­рікзат Дүйсенғазы мен Иранғайып Кү­зем­баев та жұптасып отырып, жақсы ай­тысты. Бірінші күнгі айтыста есте қал­ған тіркестер:
Мақсат Аханов:
– Біреулер арын сат­ты тоқтығынан,
Біреулер тілін сатты жоқты­ғы­нан.
Ершат Қайболдин:
– Қаламақы – де­генің адалақы.
– Тәңірден басқа ешкімге,
Болма енді тәуелді.
Шалқарбай Ізбасаров:
– Қазақстан менсіз де күнін көрер,
Ал менің Отансыз күнім қараң!.
Мұхтар Ниязов:
– Ырым-жырым асаба алға шығып,
Ғылым-білім тасада қалып жатыр…
Айтысқа ақындар өзіндік әзірлікпен ке­леді. Алдын ала дайындалады. Алайда «қысылғаннан қыз болдық» дегендей, қиналған кезінде бұрынғы айтыстарында айтқан сөзді тықпалап өтетіндер де ұшы­расты. Әдемі теңеу, қисынды ой таппай қиналып қалатындар да кездесті. Алайда негізгі тақырып – Тәуелсіздікке тарту төңі­ре­гінде тілін тістеп отырып қалған еш­кім жоқ. Бәрі де Тәуелсіздікті өз білге­нінше жырлады.

Екінші күн
Қорытынды айтыстың екінші күні он ақын финалға шықты. Ақындардың ал­ғашқы жұбы – астаналық Мейірбек Сұл­тан­хан мен павлодарлық Аспанбек Шұға­таевтың сөз сайысынан басталды. Тізгінді қолға алған Мейірбек ақын ә дегеннен:
– Қазыналы халықпен біз қауыштық,
Шаршамас Толағайды толғатудан,
Табанымыз тиіпті Алматыға,
Қасиетті КазГУ-дей орда тұрған.
Бұл жердің сахнасында айтыс болса,
Ораздар мінбей кеткен волга тұрған.
Ізі қалған мекенсің ізгілердің,
Бағасы саф алтындай орда тұрған,
Арыстаны атылып апанында,
Жолбарысы қапыда жолға атылған.
Ақбасты қарт Алатау аманбысың,
Басы бақыт, етегі сорға тұнған,
Қазаққа бұл қаланың орны бөлек,
Баға жетпес байлықсың, қолда тұрған.
Ақ отау Астанаға көшкенімен,
Алатау бөлінген жоқ Алматыдан, – деп Азат­тықтың ақ ордасы атанған әсем Ал­матыға жырдан шашу шашты. «Аспан­бек­тей сойқанмен жұптап берсе, шабы­тым­ның тұлпары тартпас артқа» деп, қар­­­сыласына әдемі сөзін арнап, жыр додасын бастап бер­ді. «Тәтті түстер көретін қазақпыз ғой, ал­тын төсек үстінде жатпасақ та», «Шаң ба­сып қалған болса, көкірегің, сырмақтай бір сілкиін жерге қағып», «Жүз рет жүзу жайлы естігенмен, бір рет көлге түсіп көр­ген артық» деп ара-арасында Аспан­бек­ті сөзбен қағытты.
Қазақтың бүгінгі жыраулар мәдениетін қа­лыптастырып жүрген арқалы ақын Ас­пан­бек те қарсыласынан кем соққан жоқ.
– Ағайын, ақ батаңды көздедім ғой,
Барлығын көріп отырған көздерің ғой.
Бауырым, көл дегенің ештеңе емес,
Сен біздей теңіздерге төзбедің ғой.
Аспанбек құла бара жатқан кезде,
Ұлыңды аспандатқан өздерің ғой, – деп қар­сыласын қағыта отырып, доданы бас­тап кеп жіберді.
Астаналық Мейірбек те, павлодарлық Аспан­бек те талай айтыста көзге түсіп, талай жыр бәйгесінде суырылып алға шығып жүрген тарландар. Екі ақын да сөз сайы­сында осалдық танытқан жоқ. «Бақ ша­ба ма, бап шаба ма?» демекші, бұл жол­ғы айтыста Мейірбектің бәсі артық көрін­ді. Қазылар да мұны әділ бағалап, ақын­ның бағасын жоғары берді.
Аламан доданың екінші жұбы – астаналық Әсем Ережеқызы мен қараған­ды­лық Тілеген Әділовтің арасында өтті. Қыз бен жігіттің әдемі айтысын жасағаны­мен, екі ақын да тақырыптан ауытқып кет­ті. Екінші жұптың сөз қағысы көрер­мен көңілінен көп шыға қоймады. Нағыз ай­тыс оралдық жүйрік Жан­сая Мусина мен астаналық Еркебұлан Қай­на­заровтың арасында өрбіді. Екі ақын да бұған дейін талай рет сахнада кез­дескен. Бұл – екі құрдас­тың алтын­шы рет сөз сайыстыруы.
– Қылқылдап қыр соңымнан қалмадың-ау,
Түлкіні де қумайды құмай бұлай.
Сен үшін мақамды да өзгертемін,
Аспаптан обал болды, бұрай-бұрай, – деп Еркебұлан қарсыласын қалжыңмен қа­ғы­тып бастады. Ұтымды сөз табу орал­дық қыздың басты тапқырлығы екені белгілі. Талай жыр додасында әдемі әзілімен, өзгеше қалжыңымен көрерменін елтіп әке­тетін ақын қыз бұл жолы да қарсы­ла­сына дес берген жоқ. «Батыр Мәншүктің сіңлісінен» сөз артылған ба, құрдасын өткір қалжыңмен түйреп өтті. Қыз бен жігітке тән әдемі әзілдермен өрілген жыр додасына халықтың құрышы қанып қалды. Ақындар ел мен жердің мәселесін де шет қалдырмады. Көңілдегі көп түйт­кіл­дің түйінін тарқатуға тырысты. «Біз қазақ ар-намыстан жаралғанбыз», «Қол­дағы байлығымыз – Тәуелсіздік» дейді екі ақын. Еркебұлан ақын:
– Жарғының біріншісі – Жердің дауы,
Жер деген қазақ дейтін елдің жаны.
Шекараның шетіне найза қадап,
Шейіт боп кеткен талай ер ұлдары, – деп, жер мәселесін толғады..
–Жарғының тағы бірі – Шындық еді,
Мәселесі барында ұрлық еді.
Ешкімнің ала жібін аттамаған,
Қайран біздің бабалар дүлдүл еді.
Ұрлық қылған адамды ұстап алса,
Қолданылған шарасы сұмдық еді,
Ал бүгінде сөз емес ұрлық деген,
Ұрлығын түнде жасап, күн біледі.
Бір шелек көмір алған әйел көрсе,
Халық жауын көргендей дүрлігеді, – дейді.
– Жарғының тағы бірі – Ұлттың қамы,
Ұлттың қамы дегенің – жұрттың қамы.
Үш жүзіміз ұлт үшін ұйысқанда,
Сескеніп қала берер, сырттың жауы.
Ал қазір ұлтын емес, құлқынды ойлар,
Көбейтіп алғандаймыз күрт тұлғаны.
Туысты да, досты да сата салар,
Мейірім азайғасын жұртта бәрі.
Көрінгеннің аузында кетіп жатыр,
Өзімізге бұйырмай ұлттың наны.
Алашты алға сүйреп, көш бастаған,
Әлихандай бола алмас, жұрттың бәрі, – деп толғады. Жесір мен жетімнің де зары айтылды айтыста. Жансая Мусина мен Еркебұлан Қайназаровтың көрер­мен­нің айызын қандырған айтысына тәнті бол­маған жан қалмады.
Қорытынды айтыстың финалына шық­қан Айбек Қалиев пен Рүстем Қайыр­тайдың да жұбы ерекше айтыс үлгі­сін жасады. Қашанда сабырлы қалпымен кестелі сөз өрнегін құратын Айбектің жыр орамдары, Рүстемнің тапқыр тіркестері көптің көңіліне дөп түсіп жатты. «Африка ай­бынды болғанымен, Күлтегін, Тоны­көк­тей тарланы жоқ», «Еуропа еңселі көрінгенмен, шөбере сүйіп жатқан шал­дары жоқ», «Жапондар тыным таппай, да­мыл көрмей, айдын көл, біздегідей тау­лары жоқ», «Қытайлар қара ормандай көп болғанмен, балаққа оратылған бал­дары жоқ», «Ассалаумағалейкум, қа­зақ­тарым, бала тума дейтін заңдары жоқ», «Көбісі баспанасыз жүрсе-дағы, көбеюден басқалай арманы жоқ», «Үкіметтің қиына сиыр бақсақ, өзіңді жалақыдан қаға­ты­ны», «Тауыққа тарыны көп шашатындар, есесін жұмыртқадан алатыны» деп толғады Рүстем ақын.
Айбек Қалиев болса: «Ұстаздар адам­зат­тың қоры болып тұр, көзі ашық, бұлар қашан керек еді. Ұстаз­дың жанай­қайын естімей­тін, бұл үкімет не деген керең еді», «Ұс­­таз­дың дә­ре­­жесін көтерме­сек, ел жағ­дайы қалайша оңалады, дәрігер де соның бер жақ-ар жағында, тиын-тебен болса-дағы жалақысы, өзіне қызметті көп ала­ды» деп, бүгінгі ұстаз қауымының статусы тө­мендеп кеткені туралы тереңнен ой қоз­ғады.
– Атыңнан айналайын, Азаттығым!
Халыққа ұмыттырған азап-мұңын,
Ақырзаман болғанша, аман сақта!
Қазақтың азаттығын, ғажап күнін! – деп жырлады Айбек Қалиев.
Қорытынды айтыстың соңғы шымыл­дығын шымкенттік Қалижан Білдәшев пен ақтөбелік Ершат Қайболдин жапты. Екі ақынның шабысы көпшілік күткендей болмады. Тақырыптан ауытқып кеткен ақындарды әділқазылар алқасы тоқтатты.

Тоқсан ауыз сөз:
Сонымен, екі күнге созылған айтыс тамам. «Жүзден жүйріктер» қатысқан жыр додасында аламанға қатысқан он сегіз ақын да жүлдеден кенде қалмады. Белгілі кәсіпкер Дулат Тастекеев дайын­даған арнайы стипендия (1 800 000 теңге) астаналық Әсем Ережеқызына бұйырды. «Асанәлі Әшімов атындағы қор» дайын­даған сый алматылық Рүстем Қайыртайға берілді. «Тәуелсіздікке тарту» айтысында сегіз ақын топ жарды. Үшінші орынды үш ақын: Ершат Қайболдин, Тілеген Әділов, Қалижан Білдәшев иемденді. Екінші орынға екі бірдей жүйрік: Мейірбек Сұлтанхан мен Еркебұлан Қайназаров ие болса, бірінші орынды оралдық ақын Жан­сая Мусина қанжығасына байлады. Қоры­тынды ай­тыстың бас бәйгесін, әрі «Ай­тыстың ақ­таңгері» атағын қостанай­лық дүлдүл ақын Айбек Қалиев жеңіп алды.

Айбек Қалиев:
– Айтыстың атанғанда ақтаңгері,
Қабырғалы қазақтың мақтанбелі,
Аллам өзі жеткізді дәрежеге,
Білмеймін баптан ба еді, бақтан ба еді.
Есенқұл, Ерікпенен Әзімбектей,
Марқұмның жайлы болсын, жатқан жері…
От ауызды Ораздай оғланымның,
Ор болып қалушы еді шапқан жері.
Міне, солар айтыстың ақтангері!
Аманжол, Мэлс, Серік, Мұхамеджан,
Айтыстың қазыналы тапқан кені!
Балғынбек, Дәулеткерей, Бекарыстар,
Айтыстың жүлде бермес ақпан белі,
Міне, солар айтыстың атқангері!
Мен үшін сіз көрсеткен ықыластың,
Болмайды патша отырған тақтан кемі!
Біздің байлам: 

Айтыс – Жүрсін Ерманға ғана емес, барша қазаққа керек өнер. Ол – әлімсақтан келе жатқан киелі өнеріміздің бірі. Қазақ дәстүрі мен салтынан, әдет-ғұрпынан бас тарта алмайтыны секілді, төл өнерінен де шеттеп қала алмайды. Ендеше, «Айтыс өнері – өнердің падишасы. Айтыста кемшілікті айтады, сынды айтады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Дарынды, талантты адамдар көнеді. Мінімізді бетке басып, сынайтын адамдар – нағыз айтыс ақындары. Айтыс болғаннан кейін, әзіл-қалжың, сын болуы шарт. Сондықтан бұл өнер – халықтық өнер». Бұл – Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтың пікірі. Халықтық өнер – қазаққа туа біткен қасиет. Халықты қасиетінен айыруға болмайды. «Айтысты келешекте театр етіп ашу керек» деген Асанәлі Әшімовтың сөзінің жаны бар.
Қорытынды айтыс жекелеген кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асты. Құсайын Омаров секілді қалталы азаматтар бар ғой қазақта, бірақ «Атымтай Жомарттың» мәрттігін жасайтындар некен-саяқ.
Айтысты қолдау – халықтық асыл өнерді қолдау. Егер осындай өнер жапон халқында болса, дүниежүзі аузын ашып, көзін жұмып таңдай қағар еді. Ал біз…

Гүлзина БЕКТАС

Бауыржан КАРИПОВ (фото)

https://aikyn.kz/2018/01/04/37941.html

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *