Басты бет Негізгі бет 2018 айтыскерлер үшін қалай өтті?
2018 айтыскерлер үшін қалай өтті?

2018 айтыскерлер үшін қалай өтті?

 114 0

1. Басқасын айтпағанда ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің қолдауымен, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағының» ұйымдастыруымен Астананың төрінде халықарлық, республикалық деңгейде бір емес екі айтыс өтті. (Бұл айтысқа деген үлкен құрмет һəм қолдау)

Осы орайда «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағының» басқарма төрағасы Жүрсін Ерман ағамыз бастаған ұжымға, Одақтың жұмысын жұмыла атқарған Серік Қалиев, Шұғайып Сезімхан, Рүстем Қайыртайұлы, Қанат Мырзахан, Саягүл Бірлесбек сынды аға-бауыр, қарындастарға зор алғыс білдіреміз!

2. 7-ші рет өткізілген қорытынды айтыста «Алтын домбыра» Жансая Мусинаға (Алтын алған тұңғыш қыз) бұйырып, алғаш рет Батыс Қазақстанға «аттанды». 2-ші рет берілген «Айтыстың ақтаңгері» медалі Дидар Қамиевтің қанжығасына байланып, Қарағандыға жол тартты.

3. Қырық жылғы ғұмырын (1978 ж.»Дидар» телеарнасындағы қызметінен бастап) айтысқа арнаған ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның кеше ғана 5-томдық шығармалар жинағы жарық көрді. (құрастырушы айтыскер ақын Ш.Сезімхан)

4. «Notre dame de Paris» əлемдік мюзиклі алғаш рет қазақ тілінде сахналанды. Либреттосын аудару жүздеген ақындардың арасынан айтыскер ақын, ғалым Серікзат Дүйсенғазыға жүктеліп, сəтті жүзеге асты.

5. Тəуелсіздік жылдарында айтысқа жаңа леп қосып, өзіндік өрнек салған айтыскер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабектің «Айтыстар» жинағы жарық көрді.

6. Айтыскер ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.д, профессор Аманжол Əлтайдың жетекшілігімен айтыскер ақын Бекарыс Нұриманов Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Əдебиеттану» мамандығы бойынша «Ежелгі дәуір және Қазақ хандығы тұсындағы әдебиетте ізгілік идеяларының жырлануы» деген тақырыппен докторлық диссертациясын сəтті қорғады.

7. Айтыскер ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Дəулеткерей Кəпұлы Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры болып тағайындалды.

8. Айтыскер ақын Олжас Отар Мемлекеттік кірістер комитеті Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

9. Айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков бірнеше жылдық үзілістен соң қайта сахнаға оралды.

10. Айтыс тарихында 1990 жылы сол кездегі ҚазССР Идеология бөлімінің меңгерушісі, мемлекет жəне қоғам қайраткері М.Жолдасбековтың бастамасымен үш ақынға (Қ.Əбілев, Ə.Қалыбекова, Ə.Беркенова) бір күнде «Халық ақыны» атағы берілген болатын. Биыл бір күнде 9 ақынға «Мəдениет саласының үздігі» табысталды. (А.Қалиев, А.Өзбеков, Б.Жағыпарұлы, Б.Халиолла, Р. Зайытов, Е. Қайназар, Ж. Мусина, Р. Қайыртайұлы, М.Сұлтанхан)

11. Айтыскер ақын, қазіргі заман айтысының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Балғынбек Имаш «Құрмет» орденімен марапатталды.

12. ҚазҰӨУ «Дəстүрлі музыкалық өнер» факультеті «Дəстүрлі əн» кафедрасы «Айтыс» мамандандыруы бойынша алғаш рет төрт түлек (Аруна Керімбек, Дəурен Ысқақ, Бек Шымат, Сырым Əділбек) оқу бітіріп, мəдени, ұстаздық қызметке орналасты. 1 түлек магистратурада білімін жетілдіруде. С.Əділбек «Алтын домбыра» жылдық қорытынды айтыста өнер көрсетті.

13. Айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан «Жыл патриоты» байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаз атанып, ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің дипломымен марапатталды.

14. Айтыскер ақын Біржан Байтуов «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды.

15. Ең көп айтысып, ең көп жетістікке жеткен Мұхтар Ниязов пен Рүстем Қайыртайұлы.

16. Халықтың шексіз ықыласына бөленіп, ең көп қоғамдық пікірталас тудырған Ринат Зайытов.

17. Ауылдың хал-ахуалын бүге-шігесіне дейін жырлаған Төлеген Жаманов.

18. Айтысты ең көп насихаттаған «Шалқар» радиосының қызметкері, айтыскер ақын Нұрмат Мансұров.

19. Айтысты насихаттау мақсатында «Қазақстан» Ұлттық арнасы «Жүрсіннің жүйріктері» жобасын жүзеге асырды.

Мақала авторы: айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров

РS. Айтылмай қалған əріптестер болса, айыпқа бұйырмаңыздар. Ойыма түскені осы. Күн сайын болмаса да, тым құрыса жыл сайын бір есеп беріп отырған дұрыс. Айтыскерлер жүлдеге не алды дегеннен көрі Отанға не беріп жатыр деген ой əркімді мазалағаны жақсы. Берері жыр болған шайырлардың алары жүлде ғана емес, елдің алғысы болғаны абзал . Əр марапаттың астарында мақсат, түймедей орден, медальдің астында түйе көтере алмас жүк жатыр. Қазақтың шайырларында сол жүкті қайыспай көтере алатын қайрат бар екеніне кəміл сенемін.Бұл жəй менің жасаған шолуым, алып-қосарларыңыз болса, мархабат! Аға, бауыр, əріптестерім, əр нəрсенің сұрауы бар. Сіздерге хайырлы қызмет тілеймін!

(Ең өкініштісі биыл айтыскер ақын Салауат Исақаев ағамыздан көз жазып қалдық. Əр дұғаға қоса жүріңіздер!)

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *