Басты бет Негізгі бет Ұстазға сағыныш…
Ұстазға сағыныш…

Ұстазға сағыныш…

 217 0

 

                                Ұстазға сағыныш…

   Қазақ білімінің қара шаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне біздің буын талапкер болған 1990 жылы үкімет  қазақ тіліне  оң көзқарас танытып, жан-жақты қолдау көрсетіп, ана тіліміздің аясы кеңейіп, жарылқаған уақыт болды. Соның арқасында біраз үміткер оқу орнының филология факультетіне артық қабылданды. Бірінші курстың студенті атанған біздер үшін факультеттегі Т.Кәкішұлы, З.Қабдолов, Х.Сүйіншәлиев, Р.Нұрғалиев, А.Қыраубаева, С.Ордалиев, Т.Сайрамбаев, С.Мырзабеков, Х.Кәрімов, А.Аманжолов секілді әдебиетші, тілші ғалымдардың дәрісін тыңдау зор мәртебе болатын.  Әсіресе  З.Қабдолов  пен Т. Кәкішұлы унверситеттің  алтын діңгегі, тұлғалық келбеті, абырой-беделі еді. Хош, сонымен студенттік шақтың қызықты күндері де басталып кетті.

  Университетте  филология факультеті мен журналистика факультетінің арасындағы сөз сайысын, яғни, екі факультет студенттерінің айтысын өткізу дәстүрі бағзыдан қалыптасқан екен.  Кезекті факультетаралық айтысқа мен де қатысып, шама-шарқымша   өнер көрсеттім. Бір күні курстастарым, профессор, әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы бір жиында сенің атыңды ерекше атады деп, сүйінші сұрағандай риясыз көңілдерімен айтқанда , сенер-сенбесімді білмедім. Әдебиеттің алыбы, кешегі ұлылардың көзін көріп, ізін жалғап келе жатқан ғұлама адамның қатардағы студентті жадында сақтап, үміт артуы маған қанат бітірді. Атағынан ат үркетін, абыройы Алатаумен иықтасып тұрған ғалымның соншалықты қарапайымдылығы мен көзқарақты қасиеті  қайран қалдырды. Содан бастап, Тұрсынбек аға менің тағдырымдағы ардақты адамның біріне айналды. Тарбағатайдың теріскейінде, қарапайым шопанның отбасында туып-өсіп, жеті қыздың ішінен қанат қаққан маған Тұрсынбек Кәкішұлының  ықыласы түсіп, шәкірт қылып баулуы   Алланың қиюластырған сыйындай еді. 1993 жылы  өзі басқарған  фольклорлық экседицияның құрамына мені де қосып, Монғолияның  Баян-Өлгей аймағына сапарлап баруымыз  өмірімдегі ең жарқын, ұмытылмас күндер болып қалды. Атақты композитор Илья Жақанов, профессор Зұфар Сейітжанов, жас ғалым Шоқан Шортанбай  бар  экспедиция құрамына  3-курс студенті менің де  ілігуім  ұлағатты ұстазымыздың нұрлы жүрегі мен дархан көңілінің дәлелі емес пе! Ұстазымыз бара жатқан жолда Ресейдің  Алтайындағы  Тұраты  ауылында  тұратын қазақтарды естіп, көлікті кері қайтартты. Қазақы дәстүрмен қой сояйық деп жүгірген қандастарымыздың   жаппай шоқынып кеткенін көрген ұстазымыз көзіне жас алды. Кейін жанайқайын жеткізген көлемді мақала жазып, мәселе көтерді. Алтайдың табиғаты тез айнығыш, бірде жадырап күн шығып тұрса, бірде аяқ астынан жаңбыр себезгілей жөнеледі. Көлік тізгініндегі Жамбыл ағамыз өте тәжірбиелі, сергек. Тағдырымызды бірінші Аллаға, екінші жүргізушіге тапсырып , алаңсыз келе жатқанда автобус бір сәтте бұлтаң ете түсті. Жауған жаңбырдан жолдың ернеу топырағы езіліп, автобус дөңгелегін тайдырып әкеткен екен. Төмен қарасаң, басың айналатын терең құз. Артқы дөңгелегі әрең ілініп тұр, сәл салмақ түссе құзға құлап, күл-паршамыз шықпақ. Бәріміз еппен түсіп, көлікті демеу үшін итере бастадық. Тұрсынбек ағайдың соншалықты кішіпейілділігі сол, ол кісі де көмектесе бастады.  Ми батпаққа кіріп алған автобус ырғалған сайын, сайға құлайын деп тұр. Бір қозғалған кезде автобус кейін кете бастады, «батырға да жан керек » деп бәріміз қаша жөнелдік. Шетке шығып қарасақ, Тұрсынбек аға өзі жалғыз артында  қалып қойыпты, демеп тұр. Жай кезде бәріміз батырсынып сөйлей береміз ғой, бірақ сын сағатында үдеден шыға аламыз ба ,ол неғайбыл дүние. Сол жолы  ұстазымның жүрек жұтқан батылдығына куә болып едім. Баян-Өлгейде   Бесбоғда  дейтін қонақүйге жайғастық. Илья аға мен  Тұрсынбек аға бір бөлмеге орналасты. Илья аға сапар бойы Тұрсынбек ағаның  қарапайымдылығына тәнті болып  айтып отырды.

     Оқу орынын бітіретін кезде диплом жұмысыма өзі жетекшілік етті. Бекітілген диплом жұмыстарының тақырыбында болмаса да, «Әсетпен айтысқан  Кәрібай Таңатарұлының шығармашылығы» атты ғылыми жұмыс жазуыма рұқсат алып беріп, сәтті қорғауыма ықпал етті.

       Университетті бітіген соң, ұстазым мені өзі басқаратын кафедраға стажер-ізденуші ретінде алып қалды. Сол жылдары универсиетте қалу дегеннің соншалықты қиын екенін қайдан білейін. Тоқсаннан аса бітірген түлектердің ішінде жалғыз өзім ағаның шарапатының арқасында іргелі оқу орнында қалдым. «Моңғолия қазақтары поэзиясының қалыптасуы мен дамуы»  атты диссертациялық жұмысымды бекітті. Кафедрада жүргенде тұңғыш қызым Нәркес дүниеге келді. Нәркесті Тұрсынбек атасының қызы дейміз. Қызымыздың есімін қою рәсімі де ерекше болды. Ауылдағы ата-анам сәбидің есімін Сіз қойсын деп жатыр дегенімде, Тұрсынбек ағай барлық кафедра мүшелеріне ең таңдаулы  деген  есімдерді қағазға жазғызып, ішінен Нәркес деген атты таңдап алды. Сол кездегі кафедраның аузыбіршілігіне қатты қызығатынмын. Бәрі бір отбасының адамдарындай бір-біріне қамқор, тілектес еді. Ол да ұжымды айрандай ұйытып отырған Тұрсынбек ағайдың арқасы екен ғой. Таңдалған қағазға қолын қойып, келінге апар деп перзентханаға жіберді. Біздің отбасы үшін тарихи құжат болып саналатын сол жеребе қағаздары әлі сақтаулы. Өйткені онда марқұм, аяулы ұстазымыз Алма апайдың «Тұмар» деп өз қолымен жазған қолтаңбасы, композитор Илья Жақановтың  «Әсел» деп жазғаны , ағайдың өзі «Іңкәр» деп жазған қолтаңбалары бар. Сонымен бірге, профессорлар Өмірхан Әбдиманов, Қанипаш Мәдібаева, Зұфар Сейітжанов  сияқты ардақты аға-апаларымның ұсынған есімдері жазылған.

  ұлағатты ұстаз Алма Қыраубаева

         1997 жылы Студенттер сарайы ашылғанда, университеттің шығармашылық, көркөмөнерпаздар жағы ақсап тұрған шақ еді. Университет ректоры ,халқымыздың қайраткер ұлдарының бірі  Көпжасар Нәрібайұлы мен  университеттің проректоры, қазіргі кезде І.Жансүгіров атындағы Мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Маратұлы  ағайға хабарласып, мені Студенттер клубының директоры қызметіне тағайындағылары келетінін айтып, рұқсат сұрады.

         Денсаулығыма байланысты ғылыми жұмыс жайына қалып, қағазға қарай алмайтын жағдайда жүргенімде де, алдымен жақсылап емделсеңші деп  үнемі жанашырлық сезімін білдіріп, халімді сұрап тұрды. 2007 жылы шыққан тұңғыш жыр жинағыма «Ойлы өлеңге кең өріс» деген атпен  алғысөз жазып,  ақ батасын беріп, сәт сапар тіледі. Апарған қолжазбамды түгел оқып, бүге-шігесіне дейін талдап жазған екен. Бұл қасиет де екінің бірінің қолынан келе бермейтін даралық болмыс , өзіндік ұстаным, азаматтық іс екеніне шүбә жоқ. Ардақты ағамыздың қамқорлығын басқа айтыс ақындары да  кем көрген жоқ.  Серікзат Дүйсенғазы, Дәулеткерей Кәпұлы,  Бауыржан Халиолла, Талант Арғынғали, Балғынбек Имашевтарды үнемі қолдап, қолпаштап жүрді.

  

Олардың айтысты қайта түлеткен Жүрсін Ерман  ұйымдастырған республикалық ақындар айтысына қатысуына мұрындық, себепші болды. Ағамыз үнемі жоқтаусыз, атаусыз қалған тұлғаларды ғылыми айналымға түсіріп, шығармаларын насихаттау үшін шәкірттеріне бөліп беретін. Кейін маған ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлының діни қисса-дастандарын зерттеу жөнінде тапсырма берді. Ақыт бабамыздың діни қисса-дастандары әлі мұрты бұзылмаған, руханиятқа тұнып тұрған тың тақырып болатын.  Қорғау кеңесі жабылар кезде аты-жөнім тізімде болмағандықтан, ол тақырып та қорғалмай қалды. Шындықтың бетіне тура қарап, бет-жүзің демей айтып салатын әрі тез ұйғарым шығаратын  ұстазымыздың  дереу Бішкектегі  Ахматалиевке  телефон шалып, шәкіртім «Қазақ-қырғыз айтысын» зерттейтін болады, өзің бас-көз боласың  дегені әлі есімде.

  Ағайдың үйіне бала-шағамызбен  баратынбыз. Күләш апайдың қашанда дастарқаны берекелі, қолы ашық. Ағай екеуі құшақ жайып қарсы алады. Біздің кішкентай тентектер ағайдың кабиетіне кіріп алып ,асыр салады, креслосын қызық көріп шыр айналдырады. Біз ыңғайсызданып, тыя бастасақ, — ойнасын, тиіспеңдер,- деп қорғаштайтын. Бір барғанымызда сендер ұстаңдар деп  құнды кітап сөресін тиетіп жіберді.

     Қашанда шындықты айтып, ақиқаттың ақ туын еңкейтпеген  ұстазымыз ұлттық мүддені басты орынға қоятын:

  • Ел, жер, тіл мәселесінде бірінші үн қататын;
  • Ешқашан жалтақтауды білмейтін;
  • Тура айтатын мінезі, шындықты шырақ еткен ұстанымы тұлғалық қасиетін биіктете түсетін;
  • Биліктегі  орындаушы белсенділер шындығын жоғалтпаған ағамызды  мемлекеттік  жиындарға  қатыстырмауға тырысатын;

Жалпы, Тұрсынбек Кәкішұлына арналған арнау-жырлар легі өте көп. Кезінде мен де :

 Сізді көрсем, өмір сүргім келеді,

Аға,оның білесіз бе себебін.

Жүрегіне бар қазақты сыйғызған,

Капитаны шындық атты кеменің.

 

Осал жерге ой қадайсыз сынадай,

Жалтақ қоғам түзелер ме сынамай.

Су түбіне батырар деп талайлар,

Кемеңізден түсіп қалған шыдамай.

 

Жаныңызда мекен еткен ізгілік,

Сәкен жүрген «тар жолменен» жүз жүріп.

Дауылдардан, жауындардан өткенсіз,

Ағыстарға қарсы кеме жүздіріп.

 

Місе тұтпас ,ұсынса да алтын тақ,

Атақ үшін көрген емес жалпылдап.

Адастырмас, шындық атты кемесін,

Сіз секілді капитанға халқым жақ ,- деген  өлең жолдарын арнаған едім. Тектіліктен нәр алған бекзада болмысымен алты Алаштың ардағына айналған Тұрсынбек ағайдың  жерлесі де, руласы да емес едім. Бар қазақтың баласын бауырына басқан Біздің Ағай әкемдей қамқор, ағамдай жанашыр болды. Адамгершілігі мен адалдығын, азаматтығы мен  қарапайымдылығын, турашылдығын бір мысқал да азайтпай кеткен ардақты ұстазымызды сағынамыз, елегізіп іздейміз.

          Өміріме  шуағын төккен ұлағатты ұстаз жүрегі Атырау-Алтай арасында ұлтына қызмет жасап жүрген қаншама шәкіртке ізгілік сәулесін құйды. Т.Кәкішұлының  тәлім мектебі қалыптасты.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                      Серік    Әкірамұлы,

                                            ҚР мәдениет қайраткері,

                                             «Алатау» дәстүрлі өнер театрының қызметкері.

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *