Басты бет Негізгі бет Жадымдағы жарқын бейне
Жадымдағы жарқын бейне

Жадымдағы жарқын бейне

 371 0

 

     Өткен ғасырдың 80 ші жылдарының ортасынан бастау алған жариялылық қозғалысы, Кеңес үкіметі құрсауында бұлқынған қазақтың ұлттық рухын маздатып, қанын тулатты. Сол кездегі Көкен, Манап, Қалихандардан жалғасқан  суырыпсалмалық өнердің алдаспаны-айтыс өнері қынаптан суырылғандай, ел сахынасында жарқылдап шыққаны ерекше құбылыс еді. Сондағы өткір сөзді оңды-солды сермеп, ақырып теңдік сұраған өжет ақынның бірі де бірегейі –Ерік Асқаров болатын.

1990жылы Алматыдағы Ленин сарайында өткен Республикалық айтыста Торғайдың топжарғаны Қоныспай Әбілевпен жұпталған Ерік ақын әу деп бастаған амандығында:

Алматы талайларға арман қала.

Көгінде көп жұлдызы жанған қала.

Дұшпаны не десе де, о десінші,

Жайнатып Димаш ағам салған қала –дегенде 86 шы жылғы көтерілістен бермен, талай қиянаттарға еріксіз төзіп, жаны күйзеліп, ішінен тынып келген  төрт мың көрермен алақандарын аямай соққаны соншалық, сарайдың ішінде жарылыс болғандай әсер етті. Қазақстанды көп жыл басқарып, халқының құрметін иеленген ардақты басшысы Дінмұхамбет Ахметұлы Қонаевтың орнынан әділетсіз жолмен кетірілгені, оның орнына қазақтан лайықты тұлға табылмағандай, айдаладағы Генадий Колбинның тағайындалғаны, оған өз көзқарастарын ашық білдіру үшін алаңға барған бейбіт жастарды Мәскеудің пәрменімен қырып, жаншып, соққыға жығып, қудалағанынан жиналған халықтың ашу-ызасына сол сәтте осы бір ауыз өлең жарылғыш қоймасына от тастағандай болды. Көрермендер ұзақ қол соқты. Көптің қошеметі басылғанша сәл бөгеліп, сөзін әрі қарай жалғаған ақын — … Халқымнан айналайын, ризамын, Ағасын бұрынғыдай сүйеді екен – деген кезде залда отырған халық отырған орындарынан дүркірей көтеріліп одан бетер шапалақ ұрды. Жұрттың арасында отырған жоғарғы лауазымды билік өкілдері қатты састы. Жан-жақтарына имене қарап, үрпиіп қалғанымен орындықтарында олар да отыра беруге дәттері жетпей, тұрып қол соғуға мәжбүр болды. Мұндай қошемет оған дейін Кремльде өткен партия съездерінде Брежневке ғана көрсетілетін. Ондай алақан ұру сценариимен жасалып, ең күлкілісі,  газеттерге жарияланған баяндама мәтіндерінің бірнеше жерінде «ду қол шапалақтау», «ұзақ ду қол шапалақтау» деп баттитып жазылып қойылатын. Брежнев заманындағы қол соғу асқан жағымпаздықтың көрінісі болса, айтыстағы қошемет, азаттыққа ұмтылған қазақтың ұлттық рухының сілкінісі еді. Екі күндік айтыстың алғашқы күнінде болған бұл айтыс Қазақстан орталық партия комитетінде қаралып, келесі күнгі айтыстың тағдыры талқыға түсуге дейін барды. Ерік Асқаров секілді «бунтар» бұзық ақынды айтыстан шеттету мәселесі де талқыланады. Сол кезде республиканың идеологиясын басқарып отырған Өзбекәлі Жәнібеков, Қамал Смайлов, Сағат Әшімбаевтар секілді кемеңгер тұлғалар болмағанда, олардың алдына барған Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев секілді Алатаудай ақсақалдар болмағанда Еріктің жағдайы әлде қандай сипат алуы ықтимал еді. Кейін сол отырыста Тұрсекеңнің «Қашанғы аузымызды жауып, артымызды қысып жүре бермекпіз. Шындықты ақындар айтпағанда кім айтады» деп тегеуірінді сөз сөйлегенін естігенбіз. Сол бір күндер Еріктің жұлдызы жанып, айтыс өнерінің жаңаша бағытқа бет бұрғатарихи сәті болды.

   

   Өз жеке басым Ерекеңмен 1985 жылы таныстым. Сол жылдың желтоқсан айында Жүрсін Ерманов ұйымдастырған телевизиялық айтысқа қатысу үшін өмірімде ең алғаш Алматы қаласына бардым. Оған дейін облыстар арасында өткізіліп келе жатқан, командалық айтыстың кезегі Торғай мен Көкшетау ақындарына жетіп, іріктеу жасалғанда, мені қайым айтысқа жазды. Жүкең Көкшетауға арнайы келіп, ақындармен кездесу өткізіп, айтыстың қандай тәртіппен өтетінін түсіндіріп кеткен. «Қазақстан» қонақ үйіне орналасқан екі облыстың ақындарына амандасуға келіп жатқан жұртшылықта қисап жоқ. Алматыда тұратын жерлестеріміздің ішінде барғаннан қасымыздан табылып, бізбен етене араласып кеткен Баянғали Әлімжанов пен Ерік Асқаров болды. Әрине келушілердің  ешқайсы да мені танып жатқан жоқ. Үлкендерімізге сәлем беріп, сұхбат құрысады. Көкен көкем ғана реті келгенде атымды атап, оларға мені таныстырып қояды. Сонысының өзіне пірге қол тапсырғандай мерейленіп қаламын. Ақындарға тәлімгерлік жасап, әкімгерлік қызмет көрсету үшін облыстан барған бес адам бар. Солардың бірі ақын-жазушы Төлеген Қажыбаев. Домбырамды қолыма ұстап Төкеңнің бөлмесіне барсам біраз уақыт бұрын Көкем таныстырған Ерік деген ақын сонда отыр екен. Алдарында шағын дастархан жайылыпты. Елден апарған соғымның сыбағасы қойылыпты. Қастарына шақырып, сырғып орын ұсынды. Ол кезде де еркелеу, еркіндеу мінезім бар, жатырқамай әңгімемді айтып, қатарларына қосылдым. Қаралдыма назар салып, болмысымды байыптап отырған Ерік біршама уақыт өткенде  – Ал, суырыпсалмалығыңды көрсетші – деді. Тартынғам жоқ, домбырамды алдым да төкпелете жөнелдім. Ол кезде шу десе іркілмейтінмін. Шөп те өлең, шөңге де өлең дегендей, өз өнерім өзіме сән көрінетін жаспері күнім ғой. Маңдайым жіпсіп осымен болған шығармын  деп тоқтағанда Ерекем де қолымдағы домбыраны алып, маған шабуылға шыға келді. Сөйтіп екеуміз бір-бірімізбен сөз қағысып, қызды-қыздымен кәдімгідей шындап айтыса жөнелдік. Мен басымнан сөз асырғым келмей ширыққан сайын, онымды сезген Ерекем де шымшып, одан әрі шамдандыра түседі. Әйтеуір Төкеңнің тәк-тәгімен танаурап барып әзер басылдық. Ол жылдарда Ерекең маған әжептәуір үлкен кісі секілді көрінетін. Өйткені өзімде де іштен жігіттіктің буы қысып тұратын, біреу бала десе ұнатпай қалатын бозбала шақтамын. Сондағысы Ерекең 26 жаста да, мен 21 де ғана едім.

   Ерік ерте бастан өз өзін аса салмақты, маңғаз қалыпта ұстайтын. Ірі сөйлейтін. Әңгімені аса тұшындырып, тыңдаушысын жалықтырмай айтатын. Жасынан әкесінің тәрбиесін бойына сіңіріп, Алматыдағы зиялы ортаның өнегесін көргені оның бітім болмысынан анық байқалып тұратын. Біз әлі естімеген Мағжанның талайлы тағдыры туралы жақсы білетін, тамаша өлеңдерін жатқа оқитын. Әкесі Мұхамедхафиз де ел ішінде көкжал- Қапез атанған, алаш қайраткерлерімен жақын араласқан, кеңес үкіметінің қысым, қиянатын бастан өткерген ақын еді. Алматыға оқуға барған Ерік туысқан апайы, ақын Әмина Шалабаеваның баласындай қамқорлығына бөленді. Әкесін жақсы танитын Ғабит Мүсіреповтың, Хамза Абдуллиннің үйлеріне барып жүріп, ғибраттарын тыңдап, тәлімін алды, олар араласатын кемеңгерлермен танысты, соларды үлгі тұтты. Театр институтында режиссер мамандығы бойынша білім алған ол, кез-келген оқиғаны түрлендіріп баяндағанда, тыңдаушысын кейде күлдіріп, кейде толқытушы еді. Ғабит Мүсіреповтың, Хамза Абдуллиндердің айтқан әңгімелерін өз дауыстарына салып отырып әдемі жеткізетін. Әсіресе Хамза ағаның өзін қудалап, соттап, өмірін улаған Кеңес үкіметіне іші бір жылымай, үнемі «Бұл қарғыс атқан Сәбет үкіметі ұзаққа бармайды, құрып тынады» деп отыратынын Ерекеңнен естігем. Сондай ірі тұлғалардың адами қайсар қасиеттерін, азаматтық көксеген ұстанымдарын бойына дарытқандығы оның бірбеткей табиғатынан әрдайым көрініс тауып тұратын. Ол үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысып, іш — бауырына кіріп кететін. Айналасындағы адамдарды көтере дәріптеп, желпілдетіп отыратын. Баянғали Әлімжанов, Бекболат Тілеухановпен бір анадан туғандай болды. Республикалық телевидениеде хабар ұйымдастырып, Жүрсін Ерманов, Темірше Сарыбаевтардың қасында жүрді. Жазушылар одағын басқарған Олжас Сүлейменов те оған сенім артып, сапарларға бірге алып шыққанын білемін. Көрнекті жазушы Сәкен сері ағамыздың туған інісіндей араласты. Сері ағамыздың оны сондай жан тартып жақсы көргенін, Ерекеңнің қаралы жиынына барғанда көргенім әлі көз алдымда. Болмашыға босай қоймайтын Сәкен ағам елдің алдында қатты толқып, сөйлей алмай, солқылдап жылап еді. Ерік жалпы жұртқа жағымды, жаны жайсаң, ешкімге жаттығы жоқ, ақжарма ақ көңілді, аңқылдаған асыл азамат болатын.

   Екеуміз алғашқы танысқан кезден-ақ бауырласып кеттік. Кездессек қимай қоштасып, көріспесек сағынысатынбыз. Бірде мені шығарып салу үшін Алматының вокзалына келді де, қоштасқысы келмей поезға бірге отырып кете барды. Екеуміз қазіргі Астана, Целиноградқа келдік. Сонда тұратын ағамның үйінде бір күн болып мен оны Алматыға шығарып салдым. Ондай қимас сәттеріміз жиі болатын.

   Ол Қазақстан жазушылар одағының әдеби қорының жанындағы әдебиетшілер үйінің директоры қызметінде жүргенде сопқозда комсорог болып қызмет істейтін мені ақын  Аманжол Шәмкенов басқаратын Одақтың насихат бөліміне қызметке орналастырды. Бір барғанда маған визитка жасаттырып қойыпты. Ол кезде соның өзіде замандастарыма кәдімгідей аса таңсық  керемет дүние еді. Мен Ақан ауылында тұрып, Жазушылар одағының Көкшетау, Қостанай облыстарындағы өкілі болып шыға келдім.

   1990жылы ауылдан Көкшетауға қоныс аударып, «Темірқазық» атты қазақ жастар орталығын құрдым. Келесі жылдың қаңтарында Абылай ханның 280 жылдығына арналған айтыс ұйымдастырдым. Екі күн бойы үш кезеңмен өткізілген айтысқа Жүрсін Ерманов, Қайрат Жұмағалиев, Айтақын Бұлғақов, Серік Құсанбаев тағы басқалармен бірге Ерік Асқаров та келді. Ерекеңді осы сапарында Көкшетауға көшіп келуге шақырдым. Сол жылы күзде ол отбасымен Алматыдан көшіп келді. Мен оған Көкшетау қаласынан төрт бөлмелі жер үй және жигули автокөлігін сатып әпердім. Сөйтіп Баянғали, Ерік ағаларыммен бірге Көкен көкеміздің қасына жиналдық. Ерекем «Науан хазірет» атты баспа ашты. Солайша қызулы да қызықты жалынды жастық шағымыз бірге жалғасты. Кіші ұлы Еркөкше Көкшетауда дүниеге келіп, шілдеханасын бірге тойладық. Басқа балалары Бекзат, Айсана, Абылай көз алдымызда балаларымызбен бірге ойнап өсті. Жұбайларымыз Нәсіпжан мен Майраның дайындаған дәмдерін бірге бөлісіп ішіп-жеп жүрдік. Бір-біріміздің туыстарымыз әрқайсымыздың өз жақындарымызға айналды. Қайын жұрт, туған ауылдарымызға, достарымызға күн демей, түн демей топырлап бірге баратынбыз. Солтүстік Қазақстан, Көкшетау облысы, Жезқазған деп бөліп қарау ешқайсымызда қаперімізде де болған емес. Ерекең Көкшетауды атамекенім дейтін. Бабаларым ертеде Сырымбеттен көшкен деп айтып жүретін.

    Ерік Асқаров шығармашылығы мәйекті, мазмұнды, кесек дүниелерден тұрады. Аз жазса да, саз жазылған әдеби мұралары соның айғағы. Жас кезінде жарқ етіп, көзге түскен өлеңдері «Жетіген» атты топтық жинаққа басылған кезден-ақ аға буын қаламгерлер өз бағаларын беріп, жылы лебіздерін білдірді. «Көгілдір» атты жыр жинағы үшін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықты иеленді. Қазақстан Ленин комсомол сыйлығын алғаны да өз дәуірінде көп замандасының қолы жете бермейтін абыройлы дәреже еді. Астана қаласына барғаннан кейін жарыққа шыққан «Астана жұртын айналсам» атты кітабы тәуелсіз халқының рухынан сусындаған жүрек толғаныстарының жемістеріне толы.

Қазақ елі қол жеткізген Тәуелсіздікке қатарынан оза ой барлатқан, жан жүрегін жалау етіп ұмтылған, азаттық жарияланған сәтте аса қуанған Ерік Асқаров, мемлекетіміздің берік қалыптасуына барынша үлес қосуды мұрат етті. Сол үшін Көкшетаудан Астанаға көшті.

Елдің саяси бағыт-бағдарын пайымдауға, билік басында жүргендердің қайсысы қандай екенін безбендеуге де ақыл-парасаты мол жететін дүниетанымы өте жоғары еді. Бір жылы Еркін Әуелбеков ағамыз өзі оқыған Шұқыркөл орта мектебінің 50 жылдығын атап өтуді ұйымдастырды. Сол тойдың бағдарламасында өткізілген айтыста Ерекең екеумізді айтыстырғанда айтқан бір шумағы әлі күнге есімнен кетпейді.

 Ереке, бұрынғылар қандай еді,

Шетінен таудай еді, нардай еді.

Қаптаған ергежейлі ел басқарып,

Аздырып, тонап жатыр жаудай елді. – деп толғанып, біраз көсіліп жырлап еді.

    Алматыда жүрген кезінде сол жылдарда Қазақстан комсомол комитетін басқарған Иманғали Тасмағанбетовты дарынды жастарды әрдайым қолдап, шығармашылықтарын жіті қарап отыратын, ұлтжанды мықты басшы деп өз ортасында  «біздің Имаш» деп дәріптеп жүретін. Сол Имаш ағасы Астанаға барғанда, Ерікті қабылдап, үй сатып алатын қолма — қол қаражат беріп қамқорлық көрсеткенін білеміз. Дүниеден өткенде де жаназасының шығынын көтерісіп, артында қалған отбасына көп көмек жасады.

   Ерік Асқаров туған жерімен тығыз байланыста өмір сүріп, ел-жұртының тыныс-тіршілігіне бар ықыласымен араласып, перзенттік парызын өтеу үшін, қолынан келген бар қызметін аямады. Есіл-Көкше өлкесіне ортақ ұл болып, үлгі қалдырды. Солтүстік Қазақстан облысының халқы, әкімдері Ерік Асқаровтың еңбегін бағалап, аруағын құрметтеуде талай жұртқа үлгі етерлік ісшараларды жүзеге асырып келеді. Есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында мектепке, көшеге атын бергені, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен Ерік Асқаров атындағы жас ақындар өнер мектебін ашып, биылғы жылы алпыс жылдығына арналған аламан айтыс ұйымдастырып жатқандығы соның жарқын айғағы деп білемін.

   Ерекең соңғы жылдарда ислам дініне толықтай ден қойып, құдай қосқан қосағы Нәсіпжан мен ұл-қыздарын да сәждеге жығылуына жол нұсқап, өз отбасына имамдық құрды. Бұл оның 1990 жылғы айтыста Рәтпек қажы сыйлаған құранды сүйіп, маңдайын тигізіп тұрып, халық алдында Аллаға берген серті болатын.

   Ерік Асқаров туралы көп айтуға болады. Алдағы уақыттарда оның суырыпсалмалығын, жазба поэзиясын, драматургиясын, аудармашылығын жеке-жеке талдап, шығармашылық қарымы жайлы ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделейтін адамдар табылатын шығар. Ондайлар үшін Ерік Асқаров әлемі жүлгесі сөгілмей бүтін жатқан тың тақырып екені айдан анық.  Мен ардақты ағамның, аяулы досымның адами азаматтық кейбір қырларына ғана тоқталдым. Сөзімді түйіндей келе ортаға тастар ойым,  ол кемеліне енді толып, кемеңгерлік белеске көтерілер шақта кенеттен үзілген, Мұхамедхафиздей әкеден жанып туған, Хадишадай анадан алып туған, қайраткер ақын, қазақтың халықшыл перзенті еді.

                                              Құдайберлі Мырзабек

                                     Ақын. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

  

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *