Басты бет Мақалалар Алматыда «Алатауым – алтын ұям» атты республикалық айтыс өтті.
Алматыда «Алатауым – алтын ұям» атты республикалық айтыс өтті.

Алматыда «Алатауым – алтын ұям» атты республикалық айтыс өтті.

 454 0

Алматыда «Алатауым – алтын ұям» деген атаумен Қала күніне және Алатау ауданының 10 жылдығына орай дүбірлі айтыс өтті. Айтыс соңында қазылар алқасының төрағасы Нұртөре Жүсіп айтыстың қорытындысын жария­лады. Айтысты ұзақ жылдар арқалап келе жатқан Жүрсін Ерманға алғысын білдіре отырып, жыр бәйгесінің ұтымды тұстарын тілге тиек етті. Жүрсін Ерман болса, айтысқа келгендерге алғысын білдіріп, демеушілерді кезек пе кезек сахнаға шығарды. Дулат Тастекеев жігерлендіру сыйлығына ие болған 7 ақынға 100 мың теңгеден ақшалай тарту жасады. 3-орынға ие болған Біржан Байтуов пен Жансая Мусинаға, Саягүл Бірлесбекке 300 мың теңгеден жүлде тапсырылды. 2-орынды иемденген Бекарыс Шойбеков пен Рүстем Қайыртайұлына 500 мың теңге көлемінде жүлде бұйырды. 1-орын алған Мұхтар Ниязовқа 1 миллион теңге сыйақы берді. Соны­мен қатар Алатау ауданы әкімі Шахмардан Рыспаев 300 мың теңгеден арнайы екі жүлде алып келді. Қанат Мырзахан мен Ершат Қайболдин аталған жүлделерге ие болды. «Алматы ақшамы» газеті ұсынған 300 мың теңгелік жүлдені Қали Сәрсенбай Ержан Әміровке тапсырды. «Тойmart» және «Сабыржан» дүкендер желісінің басшысы Сабыржан Молдаханов Хазірет Бердіханға арнайы жүлде табыс етті. «Зейнолла Сәнік атындағы мәде­ниет қоры» жеке қорының жүлдесіне Шұғайып Сезімхан ие болды. 

Қарағандыдағы «Қазгасэнерго» ЖШС-ның басшысы Бекболат Абдырайымов Аспанбек Шұғатаевқа 500 мың теңге ақша мен құндыз бөрік пен шапан жапты. Айтыстың бас жүлдесі – автокөлік кілтін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Төлеген Жамановқа тапсырды. «Айтыс өнерін әр қазақ сүйетінін, арда өнерге бас иетінін жеткізген» Арман Оразбайұлы Алматы тойының шымылдығын айтыс ашқанына ризашылығын білдірді. Жүрсін Ерман мен жүйріктерінің алдағы айтыстарда да халық көңілінен шығатынына сенім білдірді.
Әрине, әр айтыстың өз ерекшелігі болады. «Алатауын» жырлаған ақындардың да кешегі жыр додасы – ертеңгі тарих. Кестелі сөз, оралымды ой айтылды бұл жыр бәйгесінде. Өйткені оларға «айт­сын деп ақиқатты тілді берген». Ақын да, айтысқа келген әлеумет те жыр додасынан масайрап қалады. Көптің көңілінде жүрген түйткілдер айтылады. Ақындар сөз маржанын тереді. Сөзден кесте өріледі. Ақындар сөзбен көркем сурет салады.

Гүлзина БЕКТАС,

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *