Басты бет Негізгі бет «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілерің Халықаралық одағының» II құрылтайы қалай өтті? (Аңыз бен ақиқат)
«Айтыс ақындары мен жыршы-термешілерің Халықаралық одағының» II құрылтайы қалай өтті? (Аңыз бен ақиқат)

«Айтыс ақындары мен жыршы-термешілерің Халықаралық одағының» II құрылтайы қалай өтті? (Аңыз бен ақиқат)

 313 0

    2019 жылдың 24 сәуірі күні Алматы қаласы Жазушылар одағында «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілерің Халықаралық одағының» II құрылтайы өтті. Құрылтайға барлығы 125 айтыскер ақын мен жыршы-термешілер қатысты. Атап айтсақ есімдері ел есінде сақталған А.Кәкенов, Құдайберлі Мырзабеков, Серік Құсанбаев, Аманжол Әлтаев, Серік Қалиев, Әбілқайыр Сыздықов, Кенжебай Жүсіпов, Ханша Райысова  қатарлы  айтыскерлер бой көрсетті. Жыршы-термешілерді  танымал дәстүрлі әнші Е.Шалдыбеков  бастап келді.  Ал енді құрылтайда қандай мәселелердің қарастырылғанына көшейік.

    Салтанатты жиын ҚР әнұранымен шымылдығын ашты.

Бірінші болып сөз алған ақын, айтыс жанашыры, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілерің Халықаралық одағының» басқарма төрағасы, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері  Жүрсін Ерман МОЛДАШҰЛЫ құрылтайдың басшы органдарын сайлап, көпшілік бірауыздан қолдау бірлірген соң айтыстың тарихына шолу жасап, бүгінде «Халық ақындарына» айналған айтыскерлердің сөз өнеріне сіңірген еңбегін айта келіп, алғашқы буынның бүгінгі айтысқа алтын көпір болғанын атап өтті. Әлі күнге әуені жұрт жүрегіне жатталып, сөздері санасына сақталған О.Досбосыновты да ерекше құрметпен еске алды. Осы ретпен айтыстың әр кезеңдегі буындарына тоқталған соң, айтыстың бүгінгі қоғамдағы рөлі мен маңызы қаһында сөз қозғады. Сөз емес, шер қозғады десек жөн болар.

 «Алтын домбыра» айтысының экрандағы нұсқасы халықтың да, айтыскерлердің де ашу-ызасын туғызды.

 

 

  Ж.Ерманов ең әуелі бас-аяғы бүтін айтыстың эфилерге «КЕМТАР» болып шығатынына іші ашитынын айтты: « соңғы екі-үш жылдың көлемінде өңірлерде жүйелі түрде өтіп келе жатқан әр түрлі деңгейдегі  айтыстар ұлт өнерінің тамырына қан жүгіртіп жатыр. Өкініштісі, осы айтыстардың көбісі залға жиналған аз санды халықтың  ғана көзаймына айналып, бүкіл ұлтқа таратылуы қиындап бара жатыр. Айтысты эфир арқылы таратуды мойынына алған Ұлттық арнадан бастап бір қатар телеарналар халық пен өнердің арасындағы көпірге айнала алмай отыр. Соңғы уақыттағы Астанада (Нұр-Сұлтан) өткен халықаралық айтыс пен «Алтын домбыра» айтысының экрандағы нұсқасы халықтың да, айтыскерлердің де ашу-ызасын туғызды. Үзіп-жұлып, орынсыз қысқартылып берілетін  теле айтыстар бұл сайыстардың мазмұнын азайтып, өңін қашырып, беркесін алуда.»      

   Айтыскерлер баяндамаға жиі-жиі қол соғып отырды. Осының өзінен-ақ жұрттың жанайқайын жоғарыға жеткізетін айтыскерлердің енді өз ішіндегі мұңының дөп басылып айтылып жатқаны анық көрінді.  Рас-ау, «Қазақстан» Ұлттық арнасынан берілген айтысын көрген соң, айтыскер ақын Дидар Қамиевтың әлеуметтік желідегі парақшасына: « бір жарым  шумақ айтып бірыңғай он алғанымды көрдіңіздер ме?» -деп мысқылмен жазба жариялағаны елдің талқысына түсіп, телеарнадағы «қырыққыштарға» наразылық күшейген болатын.  

Ақиқатына келгенде айтыс ешкімнің несібесін жырып алып отырған жоқ.

     Ж.Ерманов баяндамасының екінші бөлігінде айтысқа демеушілік жасаған, жасап та жүрген ұлттық өнер демеушілеріне алғысын білдірді: «Кезінде ұлт өнеріне демеушілік жасап көшімізді өрге сүйреген Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов, Мұхтар Құлмұхаммед, Нұртай Сабильянов секілді ірі меценаттарға алғысымыз шексіз. Қазір облыс деңгейінде тізгін ұстап отырған   Нұрлан Ноғаев, Бердібек Сапарбаев, Алтай Көлгінов, Қырымбек Көшербаев, Бауыржан Байбек секілді ұлтжанды азаматтардың ішінара Дулат Тастекеев секілді жеке кәсіпкерлердің қолдауы болмаса айтыстарды лайықты дәрежеде өткізу мүмкін болмай қалды. Оның үстіне халықтың өнер салаларының жанашырлары да іштарлық көрсетіп  айтыстың жүлделерін қызғанатыны байқалады. Ақиқатына келгенде айтыс ешкімнің несібесін жырып алып отырған жоқ. Одақтың жанкештілігінің арқасында қолында күлшесі барлардың ықыласын ұлт өнеріне аударып отырсақ, бұл ешкімнің егініне түскеніміздің белгісі емес.

 А.Әлтаев пен Қ.Жылқышиев

  Айтыс төңірегінде нақтылы ғылыми-сараптамалық, талдаулар сирек болуы өкінтеді.

  Осы жылдар ішінде жекелеген баспасөз өкілдерінің айтыс туралы пікір білдіруіне қол жеткізіп екі рет республикалық деңгейде ғылыми-тәжірбиелік конференциялар өткізіп бірнеше шеберлік сыныптары, тренигтер өткізуге қол жеткізгеніміз болмаса айтыс төңірегінде нақтылы ғылыми-сараптамалық, талдаулар сирек болуы өкінтеді. Әсіресе, халық шығармашылығының тармырын басып отыруға тиісті «Әдебиет және өнер иниститутының» мамандарының селқостығы ұлт өнеріне бей-жәй қарауы көңілге қаяу түсіреді. Жақында «Қазақстан» Ұлттың арнасында өткізілген «Қарекет» хабарында ашып айтылғандай маман ғалымдарымыздың айтыс туралы жүйелі пікіріне себеп болу өте қажет болып тұр. Жекелеген ізденушілердің, магистранттардың, диплом қорғаушылардың сирек сараптамалары аздық етеді. Айтыстағы импровизаторлық шеберліктің көрнісі, жеке ақындардың жауаптасу кезіндегі бары мен жоғы, көркемдік құралдарының ерекшеліктері, мақам мәселесіндегі бір ыңғайлық, ізденістің аздығы, салмақты сараптамаларға өзек болуға тиісті. Жеке ақындардың әр түрлі деңгейдегі сұхбаттарында да айтыстың осындай нақты проблемарына терең бойлау байқалмайды. Кейіннен сөз алған А.Әлтаев та айтыстағы әуен тапшылығына назар аударды. Айтыстағы әуендерді зерттеу бойынша айтыскер ақын Е.Қайназаровтың ғылыми жұмысы сәтті аяқталғанын, әйткенмен де, айтыстың зерттелуге тиісті қырлары өте көп екенін қадап айтты.

 И.Күзенбаев (оң жақта)

Айтысқа қазылар алқасы қадағаланып қойылуы керек.

    Құрылтайда өткен-кеткен айтыстардың мөлшерлі санымен қатар алдағы уақытқа жоспарланған айтыстар да тілге тиек етілді. Жиында айтыскер ақындар да мінбеге шығып, қазіргі айтыстағы олқылықтар мен одақтың қызметін жақсартып, беделін көтеру үшін жасалатын шараларға талдау жасады. Айтыскер ақын И.Күзенбаев айтысқа жазба ақындар мен жас ақындардың қазылық етуіне үзілді-кесілді қарсы екенін білдірді. Қызылжарда өткен «РЕТРО» айтыстағы бір дәуірге өнеге болған айтыскерлерге енді өлеңнің иісі мұрнына келіп, жапырақ пен жүректі жырлап жүрген жас жазба ақындардың қазылық еткенін ашына жеткізді. Айтысқа тек айтыстың қазанында қайнап жүрген адам болмаса, «илегеніміз бір терінің пұшпағы» деп екі сөздің басын қосқан адамды қазы етіп қоюға болмайтынын басып та, ашып та айтты. 

Жыршы-термешілердің ЖЫРЫ

   Жыршы-термешілерідің атынан сөз алған Е.Шалекенов те термешілер байқауына дәстүрлі әншілерден тыс адамдардың қазылық ететіндігінен таланттардың дұрыс бағаланбайтындығын, термешілер байқауының республика көлемінде өте аз ұйымдастырылатынын қынжыла жеткізді. Дегенмен құптап, қуанарлық жаңалық ретінде айтыскер ақындардың сөздерін термеге айналдырып, өнерге баулитын мектептерде оқытып жатқанын атап өтті.  

Айтыскерлер неге депутат болмайды?

   Айтыс атам заманнан бері ханға да, қараға да қара қылды қақ жарып айтатын қасиетті өнер. Бүгінде бәзбіреулер қауесет таратып, айтысты тек мақтау мен мадақ басып алды деп жүргенімен, айтыс бағазы табиғатынан айнған жоқ. Айтыста айтылған ақиқаттар мен елдің жай-күйінің билікке, халқтың өзіне жетпей қалып жатуы жоғарыда айтқандай эфирден толық көрсетілмеуінің кесірінен болып отыр. Бүгінгі таңдағы айтыстарда қазақ тілінің қолданысқа толық енбеуі, өз елімізде өгейлік көруі, қазақ жерінің тағдыры, ауылдың күрделі мәселері, дін саласындағы радикалдық ағымдардың халық санасын улауы, жастар арасындағы тәрбиенің олқылығы, тастанды балалар тағдыры, есірген эстраданың мағынасыз айқай-шуы бүгінгі  руханият саласындағы ең басты  дертіміз тұрақты тақырыпқа айналып тынбай жырланып келе жатыр.  Ж.Ерманов осы тұрғыдан қарастыра келе, халықтың қамын ойлап қайғы алған Асан қайғылардың жалғасы бүгінгі айтыскерлердің түрлі деңгейдегі билікті қолына алатындай жөні бар екенін айтты: « Айбек пен Бекарыс қана биліктің табалдырығынан аттап отыр. Бірақ біздің ел үшін шешім қабылдайтын, шен алып, елінің шерін тарқататын айтыскерлер көп емес пе?! Бауыржан Халиолла неге депутат болмасқа? Тым болмаса он ақын билікке барса көптік ете ме?»-деп сұрақты төтесінен қойды.  Ел түсінбейтін ән айтып, түріктің әуенін ұрлап, қырғыздың «ХИТТАРЫН» жырлап жүрген эстрадағы әншіллердің жыл сайын мемлекеттік марапаттар алатындығын, ал, Алашым деп алқымына өксік жұтқан айтыскер ақындардың елеусіз қалатынын да қалдырмай айтты. Бұл басқа өнер саласына қырын қарағанымыз емес, тек айтыскерлерге жоғары жақтың көзі түзу болсын дегеніміз.  

Алаштың адуынды ақыны Ринат Зайтов

 

 

 Бауыржан Халиолла

Айтыс  қашанда халықмен бірге!

   Құрылтайға айтыскерлер мен термешілерден басқа екі құлағы елеңдеп, екі көзі ел сөзген түрлі топтардан бізге бейтаныс «Құдайы қонақтар» да келді. Әрине, олардың мақсатын айтпасақ та «ішің білсін әру-әй!» болып отырсыздар. Құрылтайдан кейінгі ақпарат құралдарының жарыса жазып жатқаны бір ғана тақырып екенін оқып, білдіңіздер. Өздеріңізге мәлім республиканың қоғамдық өңіріндегі басты саяси оқиға кезектен тыс президент сайлауы және оған жалғаса кезігетін парламент сайлауы болмақшы. Біз республикалық қоғамдық бірлестік ретінде осы наухандарға ат салысуымыз қажет екенін ашып айтқан болатынбыз. Әсіресе, парламент сайлауы кезінде халықтың сөзін сөйлеп жүрген үлкенді-кіші ақындарымыз додаға ат қосып бақ сынауы орынды. Осы істерге ұйытқы болу одақтың күн тәртібінде тұрған мәселе.   

   Құрылтай биыл екінші рет өтіп отырғанымен, өте сәтті өтті деп айтуға болады. Қазақ елінің түкпір-түкпірінен жиналған ақындар бас қосып, ауызбіршілігі мол екенін көрсетті. Құрылтайдың мазмұнын өз мақсаттарына пайдаланып, айтыскерлер мен халықтың арасына «шайтанның жолын» салып жүрген ақпарат құралдарына айтарымыз: «Айтысты халықтан ешкім ажырата алмайды. Айтыс– қазақтың мұңы, айтыс – қазақтың көз қуанышы, айтыс қашанда халықпен бірге!». Құрылтай туралы мақаламызды Ж.Ермановтың бір ауыз сөзімен аяқтағанды жөн көдік: « мен өлсем өлермін, айтыс өлмейді!»

Бірлесбек Саягүл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *