Басты бет Мақалалар Айтыскерлердің әндері-ай

Айтыскерлердің әндері-ай

 1 459 0

Ринат

Қазақтың ғана қанына біткен суырып салма айтыс халқымызға оралғалы өнер әлемінде үлкен төңкерістер болғаны белгілі. Олар тек айтыста ғана емес, айтыстан шыққан арқалы ақындардың әр салада еткен еңбегі екені даусыз. Айтыс суырыпсалма ақындар мен қазақтың өнер сүйер қауымын қосты, ақындардың беделін арттырып, елге танытты…


Айтыскер ақындардың айтыс аламанынан тысқары уақытта да қалам ұштап, ақ қағазға жыр маржандарын тізбеуі мүмкін емес. Ал сол шумақтар айтыс жаңғырған кезде де, жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілгелі тұрған эфирден алшақтатылған кезінде де тыңдарман қауымның назарына ұсынылып отырды. Яғни, айтыскер ақындардың жүрек жарды жырлары әуенмен өрнектеліп ән қалпында лек-легімен халыққа жетіп жатыр. Қазақстандағы танымал біршама әншілер мен музыкалық топтардың орындауындағы талай әннің ән мәтіндері айтыскер ақындардың шығармашылығына тиесілі.
«Көк аспаннан бара жатыр өмірімнің жұлдызы ағып…» деп жырлаған жарты ғасырлық ғұмырында қазақ халқы үшін таусылмас қазына қалдырған Есенқұл Жақыбеков еді. Жетісудың жазтаңдай ақыны Есенқұл Жақыпбековтың айтыстары тамаша болатын. Әндері өмір мәнін ұғып, білгенін басқаға айтуға арналғандай тағылымы терең еді. Әсіресе қазақтың басына қиын-қыстау сәт туған шақта қазақ елінің, қызы мен ерінің намысын қорғаймыз деп қамданған жігіттердің намысына қайран қалып, рух бергелі жазған өлеңі кейіннен қазақтың ұранына айналған тамаша туынды:
Біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі
Олар жайлы ағайын-жұрт не білесің сен осы
Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден
Өйткені олар ақиқат пен шындық сөздің жебесі.

 

Олар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр
Солар жүрген жолдарменен дәтің барса жүріп көр
Ерте туып еш заманның маңдайына сыймаған
Қайран біздің қасиетті қара нардай жігіттер.
Есенқұл ақынның өзі арамыздан кетсе де көрерменннің көз алдында әзілді айтысы мен ауызында өлеңдері, құлақтарында әуенді әндері мәңгі жатталып қалды…
Жуырда ғана «Кіл жүйрікте кім жүйрік» айтысында бас жүлде алған, темір тұлпарларының санынан жаңылып жүрген Айнұр Тұрсынбаеваның сөзіне жазылған «Аллаға мадақ», «Қайдасың қайда?» тағы басқа әндерін Сержанәлі Әлібек, «Жігіттер» квартеті сияқты танымал өнер жұлдыздары орындауда.
Ал, аты алты алашқа аян Ринат Зайытовтың өлең қоржынын ақтара берсеңіз, қазіргі әндердің тең жартысын табарыңыз сөзсіз.. «Есте сақта», «Күзгі жаңбыр» сынды әндерді Ғаділбек Жанай орындаса, «Өмір жолы» атты өлеңмен Жұбаныш Жексенұлы сахнада әндетті. Басқа да «Каспий», «Музарт», «НұрМұқасан» топтары, Мақпал Жүнісова, Кенжебек, Ақылбек Жеменейлер де ән тізімінің төріне Ринат ақынның сөзіне жазылған шығармаларды қоюда:
…Қылышымен қорғап байтақ даласын,
Бір Жаратқан артық еткен бағасын,
Мен қазақпын, мекен еткен осынау
Алтай менен Атыраудың арасын.
Атқа мінсек, біз алапат тасқынбыз,
Аллаға құл, басқасына қасқырмыз,
Санымыз аз болғанменен айбатты,
Көп иттерге таланбаған қасқырмыз….
Рухты көтеріп, денені шымырлататын өткір тіл мен өр рухтан туған өлеңдердің иесі – Ринат Зайытовтың өзі «Бірге болайық», «Дос», «Қазақпын мен деп мақтанам» сынды толғауы тоқсан толғамды ойлары бар шумақтарын тізбектеп орындап жүр.
Айтыстың биік тұғырынан көрініп, кейіннен таңдаулы әндердің авторына айналған Талант Арынғалиді білмейтін жан жоқ шығар. Оның әндерін «Заман» тобы, «МузАрт» жиі сұрап, репертуарларына жүйелі түрде қосып келеді. Соңғы кезде «Еркеле», «Тамшылардай» әндердің «хитке» айналып жатқанының себебі сол айтыскер ақынның тума талантынан болар…
Оңтүстіктің өжет қызы – Ақмарал Леубаеваның да талғампаз оймен топшылап жазатын тамаша туындыларын ескермей кетпеуге болмас. Роза Әлқожаның әндерінің көпшілігіне сөз жазып, сұлу сыры — сұлу арқылы тыңдармандармен қауышуда. Ал МузАрт тобының әншісі Кенжебектің орындауындағы «Адалдық өткелі» атты әннің мәтіні тіптен ерекше…
Бақытқа толы мұң-кесем,
«Жалған» дер дұшпан «шын» десем.
Қай жаққа болсын кетер ем,
Қолымнан ұстап «жүр» десең.

 

Тағдырға сенбей болмайды,
Шын бақыт екі қонбайды.
Адалдық дейтін өткелден,
Көп адам өте алмайды.
«Адалдық өткелі» ертеңгі күнге, келер жақсылыққа деген үлкен үміт-сенімнен туған ән. Ақын Ақмарал бір сөзінде: «Бұл өлең жолдарының жазылуына Сүлеймен пайғамбар туралы аңыз арқау болғандай. Оның жүзігінде «Бәрі де өтпелі» деп жазылған. Аң-құс тілін біліп, бабын тапқан, қайғы-қуанышты қатар көрген пайғамбар осы сөзден жұбаныш тапса керек. Адамның басынан небір қиын сәттер өтсе де ол мойымай, өзіне сенім артып, алға басуы керек» деген еді.
Ақындардың ақтаңгері, көпшіліктің көзайымы, айтыстағы әзіл мен әннің асқан шебері Балғынбек Имашевтың биылңы жылдың «хит» әнінің авторы екенін біреу білсе, біреу білмес. Атап айтар болсақ, Ресейлік «Жаңа толқын» вокалдық орындаушылардың байқауында Қазақстанның намысын қорғаған «Адам» лақап атымен танылып жүрген әншінің байқауға дайындаған бәйгелі туындысы Балғынбек ақынның сөзіне жазылған «Гүлістаным-Қазақстаным» атты ән болды. Ән де, әнші де өз дәрежесінде бағаланып, Қазақстанның эстрада әлеміндегі жетістігінің айғағы болды:
Алашым, әз арыстаным,
Ұлт үшін қалам ұштадың,
Өзгенікі таңсық емес,
Тұрғанда өз арыстарың.
Санаңды адал ұстадың,
Тауларым, дала тұстарым,
Жасай берші, жайнай берші
Гүлстан-Қазақстаным…
Балғынбек ақынның жүрегінен шыққан сөзді әнші нақышына келтіріп жүрегімен орындаса, халық жүрекпен жылы қабыл алғандай.
Жүрсіннің жас жүйріктерінің бірі 2013 жылғы ең үздік ақындарының көшін бастаған «Алтын Домбыра» иегері, жас та болса, бас ақын – Жандарбек Бұлғақовтың қойын дәптеріндегі тізбектелген шумақтар да өз тыңдармандарын тапқан әндерге айналып жатыр. Үлкен тележоба ретінде телекөрермендерге ұсынылған «Астана кеші» атты бағдарламаның басты әнін де Жандарбектің туындыларының арасынан таба аласыз. Төреғали Төреәлінің орындауындағы «Әкеге арнауы» өнердегі ұстазы, өмірдегі мақтанышы Айтақын Бұлғақовқа жолданған тамаша толғау:
…Өсірдің мені, қалдырмай көштен, аш қылмай,
Жалғанда мынау еңсемді тіктеп, пәс қылмай,
Қатал тәртіппен қасиетіңді дарыттың,
Өз бөлтірігін тістеп сүйетін қасқырдай.

 

Баласы болсам бай-бағыланның егер мен,
Алтынмен аптап, күміспен қаптап берер ме ем.
Қолымнан, әке, не келед басқа өнерден,
Алғысымды айттым өзің үйреткен өлеңмен…
Жандарбектің өлеңін әнге қосып қазақ көгінде шырқап жүрген, үлкен айтыстарда әншілік қырымен көзге іліккен ақын – Төреғали Төреәлі. Сыр өңірінің ақыны әрі әншісі өз репертуарын өзінің әндерімен жасақтап жүр. Сонымен қоса «Жігіттер» квартеті Төреғалидің әуені мен сөзіне жазылған «Келсеңші күнім», «Жүрегім», «Жігіттерге 10 жыл» атты туындыларын 10 жылдық есеп беру концертінде тыңдармандарына жолдады. Еркін Нұржанов, Бағлан Әбдірайымовтың орындауындағы әндердің сөздері Төреғалидың қаламынан туған.
Айтысса елдің айызын қандыратын, тіл ғылымында, оқу-ағартуда да өз ізін салып келе жатқан Серікзат Дүйсенғазин. Ақындығы мен адамдығына елдің берген баға-беделі қандай болса, ақынның сөзіне жазылған әндерге әншілер мен ән сүйер қауымның берер бағасы да сондай. Жалпақ жұрттың «өз балалары», сүйіктілері — МузАрт тобы Серкзат ақынның әндеріне ерекше көңіл бөледі. Әсіресе Мейрамбек Беспаевтің жеке орындауындағы «Сен үшін жаралғандаймын», «Түнгі сыр», «Сүйіктім» сынды лирикалық жыр шумақтары жүректі ерітіп, жанды елітіп жібереріне Қазақстанның түпкір түпкірінде жаппай тыңдайтын халық куә.
«Ауырмайды жүрек, ауырмайды…» …бұл әнді естімеген қазақ жоқ шығар. Қайрат Нұртастың ұзақ уақыт бойы «хит» болған осы бір әні де Тараздық айтыскер ақын Олжас Отардың шығармашылығының жемісі. Әннің де ерекшеленуі ақынның сөз саптауына тікелей қатысты болатыны осыдан-ақ белгілі сияқты.
…Бабалардың ырымын аңсаған,
Азаттық деп азап шекті қанша адам?!
Байтақ жерде бақытты өмір сыйлаған,
Туған елім, қарыздармын мен саған…
Бұл әнді Ибрагим Ескендір өз ән жинағына қосқалы көп уақыт өтпесе де, елін сүйген азаматтардың көкірегіне ту болып қадалды. Ал сөзін «Жүрсіннің кенжесі», айтыста тақымын ерте қысып, буынын тез бекіткен жас ақын – Сырым Әуезхандікі. Сырымның Бағлан Бектас орындайтын «Ханшайым», «Сахна», Ибрагим Ескендірдің ауеніне жазылган Даулет Қожаберген орындайтын «Қазағым, қайратым» әндері жас таланттың айтыс сахнасымен қоса ән өнер сахнасына да жасынан басқан нық қадамына дәлел.
Талай мәрте айтыста топ жарып, қазіргі уақытта көптеген әндердің сөзінің және әуезінің авторына айналған Елена Әбдіқалықова да сахнаны әндерімен бағындырып келеді. Оның «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын», «Сыр елі» сынды маржандарына халықтың берген бағасы зор.
Бұл әндер қай кезеңнің жастарының болсын көңілдерінен шығып, жиындардың сәнін келтірген әуезді туындыларға айналғаны ақиқат.
Таяуда ғана жеке авторлық концертін берген Бекжан Әшірбаев өз кезінде айтулы айтыскер ақын болғанынан жұртшылық хабардар. Өнер жолын айтыстан бастаған ақынның өмір жолы сахнадан алшақтамады. Мақсат Базарбаев, Заттыбек Көпбосынов, Роза Әлқожа, Жазира мен Жанболат, Сырым Исабаевтай танымал таланттар арнайы ақын ағамыздың қаламынан туған туындыларды әуенге қосып шырқатып жүр.
Көршінің қызы керемет еді,
Әкесі де оның жақсы адам.
Ауылдан біздің неге кетеді,
Ауа райы ма жақпаған…
Елдің ерекше сүйіспеншілігіне бөленген бұрынғы айтыскер, қазіргі әнші Тоқтар Серіковтың орындауындағы «Көршінің қызы» қалың жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп, ән сүйер қауымның жадында сақталып қалды.
«Айтыстың киллері», арыстан ақын деген атқа ие болған адуынды Бекарыс Шойбек ақыннан жұрт тек қайтпас қайсарлық пен жалынды жігерді ғана көріп келді. Ал нәзіктік пен сырлы сезімге толған «Жамалым» әні Бекарыс ақынның сыршыл ақын, сырбаз ер азамат екенін көрсете білген туынды.
«Ән мен әнші» музыкалық жобаның ондаған жыл өз биігінен түспей келе жатқаны белгілі. Ал оның негізін салушы, жүргізушісі Сержан Молдасанның мықты айтыскер ақын болғаны көпшілікке беймәлім. Айтыс аламанынан оқушы, студенттік кездерінде-ақ топ жарып, артынша өнер жолына өзіндік соқпағымен келген Сержан ақынның қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі бағалы. Басқасын айтпағанда, ақынның «Періштем» өлеңіне жазылған әні Асқар Жүнісбеков атты әншінің халыққа танылуына үлкен ықпалын тигізген болатын.
Айтыскерлік дарын — Құдайдың берген ерекше таланты. Айтыскер болу оңай емес, дегенмен осындай жауапты өнердің иесі — айтыскерлердің айтыстан өзге шыңдарға қол созып, нәтижелі жұмыстар көрсетіп, жан-жақты қырдан танылуы көңіл қуантады. Әрине, бір мақаланың көлемінде барлық ақындардың шығармашылығына тоқталу мүмкін емес. Алайда, айтыс ақындарының көш сүйреген нартұлғаларынан бастап, өнер көшіне енді ілесіп келе жатқан ботақандарына дейін қазақ өнеріне, қазақ әніне сіңірген еңбегі орасан екені айқын. Не де болса, ел игілігіне жарап жатқан сегіз қырлы бір сырлы қазақ ақындарына елдің артар үміті көп. Қазақтың бар шаруасына жарап жүрген ақындарымыз жасай берсін!

 

Айдай Айтуғанқызы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *