Басты бет Негізгі бет Е.МҰҚАМӘДИҚЫЗЫ: РЕСПУБЛИКА САРАЙЫНА ОТЫЗ ЖЫЛДАН СОҢ ҚАЙТА ШЫҚПАҚПЫН
Е.МҰҚАМӘДИҚЫЗЫ: РЕСПУБЛИКА САРАЙЫНА ОТЫЗ ЖЫЛДАН СОҢ ҚАЙТА ШЫҚПАҚПЫН

Е.МҰҚАМӘДИҚЫЗЫ: РЕСПУБЛИКА САРАЙЫНА ОТЫЗ ЖЫЛДАН СОҢ ҚАЙТА ШЫҚПАҚПЫН

 1 016 0

         «Отан отбасынан басталады» атты  айтыстың жаңалығы болғалы отырған «Әже мен немере айтысының» кейіпкерлерінен бірер сөз. 
      Әлбетте, айтыстың алдында ақындарда толқу, ой қорыту, қобалжу болатыны сөзсіз. Дегенмен, барлық көрермен, жанкүйерлер ғана емес, айтыскерлер де асыға күтіп отырған сөз сайысының алдында ардагер ақын, «Батыр ана» Е. Мұқамәдиқызынан бір-екі ауыз пікір сұрауға тәуекел еттік. Арнайы уақыт бөліп, өз оймен бөліскені үшін әз-анаға алғыс айта отырып, сұхбаттың түйінін сіздерге ұсынамыз. 

 Е. Мұқамәдиқызы:
—  Айтысқа алғаш 16 жасымда келген болатынмын.  Бұған бірден-бір себепші болған өзімнің анам еді. Айтыскер ақын ғана емес,  бірнеше жырларды жатқа айтатын талапкер адам болатын. Жалпы, өнерге деген талпынысымыз отбасымыздың əрбір мүшесінде бар болатын. Ағам Моңғолия қазақтарының алғашқы романын жазған, жалпы онға жуық романдар жазған жазушы, аудармашы, Қазақстан жазушылар одағының, Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі болған. Мен өзім де Моңғолия жазушылар одағының мүшесі, журналистер одағының мүшесі, Еңбек Ардагері атанғанмын.  Біздің отбасының әрбір мүшесінде ақындық бар. Тамара деген ең үлкен қызым жазба ақын. Беделхан деген балам да айтысқан. Есенгүл деген журналист қызым өнер жолын осы айтыстан бастаған.  Ең негізгісі,  осы айтысты ту етіп, жазба өлеңмен қатар алып келе жатқан Дəулеткерей деген кіші баламыз. Оған немереміз Ардакерей де ілесіп жүрген жайы бар. Ертеңгі айтысқа осы немерем Ардакереймен шыққалы тұрғаныма Аллаға мың да бір шүкір! Бұрын-соңды болмаған дүние ғой жалпы…
          Атамекен төрінде алғаш Алматыдағы «Республика сарайында» 1989 жылы халықаралық айтысқа  шыққан болатынмын. Содан бері тура 30 жылдан соң,  дəл осы «Республика сарайында» шыққалы отырмын. Сол кездегі бізді қабылдап, айтысқа шығарған Жүрсін бауырымыз еді. Əлі күнге дейін айтысты қажымай, талмай жүргізіп келе жатқанына өте ризамын. Айтысты жанымен, жүрегімен сүйетін адам деп танимын. Қазақтың үлкен төл өнерін дəріптеп, одан əрі дамытып, 30 жылдан бөлек, бұрыннан бастап қолға алып, сахнадан түсірмей келе жатқаны үшін оған мың да бір рақметімді айтамын. Айтыс əр қырынан,  əр түрінен танылып жатыр. Мұның бəрі халықтың қызуғышылығын арттыру үшін жасалып жатқан жұмыстар деп білеміз. Қолдап жатқан «NurOtan» партиясындағы азаматтарға да рахмет! Тəрбие отбасынан басталады, құс ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі. Қаншама отбасынан осындай ақындар шығып жатқаны баршамызды қуантады.
           Қажымай, талмай айтысып жүре бергім келеді. Осы айтысқа қалдырмай, құрметтеп шақырып отырған азаматтарға, халқыма алғысым шексіз!

        Хош, ақын ананың ақжарма тілегі осы. Немересі не дейді? Әжесі алғаш рет  «Республика сарайына» шыққанда әлі өмірге  келмеген Кәп Ардакерей Беделханұлының пікірін білдік.

Кәп Ардакерей Беделханұлы: 

— Айтыс — қазақтың ең үлкен төл өнері. Əр қазақтың қанына сіңген қасиетті қара өлең біздің отбасымызға да дарыған. Атамыз бен анамыз (əжеміз) үлкен айтыскер ақын болған, алдымда Дәулеткерейдей ағам бар, осы кісілерге қарап бой түзеп, ізінен еріп келе жатқан жас ақын ретінде, қара шаңырағымызда қалыптасқан дəстүрді өлтірмей, жандандыру мақсатында мен де өнерімді халыққа паш еткім келеді! Тарихта əже мен немеренің айтысы бұрын-соңды болмаған шығар, болса да бүгінгі күнге жетпеген деуге  болады. Əже мен немеренің арасындағы сыйластыққа, ізгі-өнегеге толы айтыс жасауға тырысамын!

      Міне, немересін сәби күнінде бесік жырымен сусындатқан әже ертең сол баламен өлең тілінде сайыспақ. Атаның қаны, ананың сүтімен дарыған өнерде шек болмайды. 30 қыркүйек күні Алматыдағы «Республика сарайында» өтетін айтыс — осының айғағы. Әжелі-немерелі ақындарға сәттілік тілейміз!

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айының 30 жұлдызында «NurOtan» партиясының қолдауымен, Алматы қаласы әкімдігі және «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағы» РҚБ  ұйымдастыруымен «Отан отбасынан басталады» атты  ақындар айтысы өтеді.
Өтетін орыны: Республика сарайы
Басталуы 19:00-де.
Билеттер Алматы қаласының барлық кассаларында сатылуда. 

aitysker.org

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *