Басты бет Негізгі бет 2-жұп: Әже мен немеренің айтысы
2-жұп: Әже мен немеренің айтысы

2-жұп: Әже мен немеренің айтысы

 980 1

 Егеухан Мұқамәдиқызы мен Ардакерей Кәптің айтысы
(Әжесі мен немересі)
(ҮЗІНДІ)

Айтысты бастаған ақын әже халықпен амандасып, отыз жыл бұрын, 1989 жылы халықаралық айтыста осы сахнада өнер көрсеткенін айта келе, тәуелсіздіктің қасиетін сөз етті. 

Егеухан апа :
Армысың алматылық, қалың елім!
Отыз жыл өзгеріпті көргендерім.
Алғашқы халықаралық айтысқа кеп,
Қырағы қиқуыңмен демеп едің.
Мың тоғыз жүз сексен тоғыз жыл еді ол,
Ерекше тəрбиелі тағылым мол. 
Қазақ тіл-мемлекеттік тілі атанып,
Булыққан ана тілге ашылған жол.

Еркіндік , тәуелсіздік тұғырлы күш,
«Жаңғыру рухани» болыпты іс,
Зерделі  «Ұлы дала жеті қыры» ,
Жаңарған салт-дəстүрің, елім ырыс.

Нұр-Отан өзекті іс бастағаны ,
Көтерген игілікті бастаманы ,
Отбасы құндылығы құнарлы құт,
Тəрбие отбасынан басталады.

Кезек ал Ардакерей, немереміз,
Немере өсіп-өнсе көгереміз.
Ұрпақтар ұлағатты жалғастырса,
Елеулі елу елмен теңелеміз.

Ардакерей:
Беріліп бесік жырдан алғашқы əнім,
Əуелі əлдиіңмен əн бастадым. 
Сүйемін күндей ыстық махаббатпен,
Айтыстың шұғылалы мəңгі асқарын. 
Отыз жылды артқа тастап əжем шықты,
Көрмейсің шашасының шаң басқанын. 
Он жыл осы сахнада Дəулеткерей,
Ойнатқан отты өлеңнің алдаспанын.
Мен де келдім шықсам деп көңілінен, 
Анау отқан Жүрсіндей марқасқаның.
Тарланбоздың тұяғын тай басқандай,
Көріңіздер ұлы көш жалғасқанын.
Ағаның жолын қуып мен де келдім, 
Көрсетіп көш — керуен тауды асқанын.
Ассалаумағалейкүм алқалы жұрт,
Ашық болсын деп келдім мәңгі аспаның. 
Айтыстың қызығына кіріп алса,
Ханға сəлем бермейтін қандастарым. 

Арғымақтай болмаса да асқақ тұлғам,
Тұйғынмын ұясына шап-шақ туған .
Қара шаңырақ еді ғой біздің əулет, 
Қара өлеңді өлтірмеуді мақсат қылған. 
Кəп атамыз айтыскер ақын еді,
Жыр жазып, жорға баптап, ат шаптырған.
Кіндіктен тентек туған бір бала жоқ, 
Көршінің ауласына тас лақтырған .
Тəттімбет Кəпұлыдай бүркітші ағам, 
Сал-сері салтанатын бастап тұрған.
Есенгүл Кəпқызындай бір журналист, 
Қоғамды жамандықтан жасқап тұрған.
Дəулеткерей Кəпұлын білесіздер,
Айтыста аяқты алшаң тастап тұрған.
Қара сөздің шебері өз əкем де,
Қара өлеңнен кезі жоқ ақсап тұрған.
Шығатын жерге шыққан боз жусандай ,
Шыға сап кім демеңдер қақсап тұрған.
Атадан тәрбие алған балаң едім,
Тай мініп, қозы бағып, баспақ қуған.
Өлеңнен құр алақан жан емеспін,
Өлеңмен қаймақ жалап,  қаспақ қырғам.

Уақытқа көрсетіп дара белгі,
Тарихқа көз жүгіртсем қарап енді.
Отыз жыл бұрын осы сахнада,
Осы əжем шулатқан ед тəмəм елді.
Айтысып Қатимолла ағамызбен,
Барлық жұрт бас бармақпен баға берді.
Қолындағы домбырасын сыйға тартып,
Сол кезде Қатимолла аға берді.
Еліміз егемендік алған кезде,
Ат ізін ата жұртқа сала келді.
Ақ пейілді ағайын қолыңды соқ,
Алдыңа алтын құрсақ ана келді. 
Ақ басты Алатаудың бауырына ,
«Ақ көйлек, көңіл жайға» сала келді.
Тәуелсіздік тұсында тəй — тəй басқан,
Немересін жетектеп ала келді.

Ал тілім, Алла берген айт өлеңді, 
Шабытымды көрейін шайқап енді.
Алысқанда атаңды жық деуші еді,
Айтысқанда əжемді қайтем енді?
Алматы жаңа əкімің құтты болсын,
Жадырап жылдан-жылға жайқал енді.
Бауыржан Байбек əкім боп тұрғанда, 
Жүріңдер деп айтып ед байқап енді .
Сексендердің барлығын алпыс қылып,
Сергекке болып еді бой тəуелді.
Сағынтаев қайтадан сексен қылды ,
Қуантып Алматылық байтақ елді.
Менің де əжем сексенге биыл келіп,
«Ақ көйлек, көңіл жайын» айта келді.
Ал, ағайын, аямай қошеметпен, 
Қошеметті көрсетіп қайтар енді. 
Сағынтаев əкім боп Алматыға, 
Сағындырған сексендер қайта келді!

Ал əже ұлың сөйлесе сауатты ұлша,
Бұл халық нағыз айтыс қалап тұрса.
Нұр-Отан отбасылық құндылықты
Баға жетпес байлыққа балап тұрса.
Төрағасы еді ғой Нұр-ағамыз, 
Түспей сол биігінен қарап тұрса.
Нұрекеңді қартайды дейтіндер көп, 
Соған енді балаларың жауап қылса. 
Нұрекеңді қартайды деп кім айтады,
Елін ойлап көз ілмей таң аттырса. 
Есебінен жаңылмай сексенге кеп,
Елдің екі сиырын санап тұрса. 
Нұрғали Нүсіпжандай бір құрдасы, 
Жас сұлуды сүйсем деп қалап тұрса.
Ол аз десе өзінің құрдастары ,
Жастармен айтысуға жарап тұрса!

Әже мен немеренің айтысы бірыңғай ондық ұпайларға сай болып, 80 ұпай олжалады. 

aitysker.org

Пікірлер(1)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *