Басты бет Жазбанұсқа БЕКАРЫС: ЖЫРЛАП ТҰРҒАН ШОЙБЕКТІҢ НЕМЕРЕСІ
БЕКАРЫС: ЖЫРЛАП ТҰРҒАН ШОЙБЕКТІҢ НЕМЕРЕСІ

БЕКАРЫС: ЖЫРЛАП ТҰРҒАН ШОЙБЕКТІҢ НЕМЕРЕСІ

 383 0

 Алматыда өткен «Отан отбасынан басталады» атты отбасылық айтыстың төртінші жұбында өнер көрсеткен түркістандық  Бекарыс Шойбеков   пен інісі Дәурен Ақсақаловтың айтысынан үзінді.

БЕКАРЫС: 

Жырлап тұрған —  Шойбектің  немересі,
Тыңдап тұрған —  Шойбектің шөбересі.
Бауырыңмен басқамен жұптамайды,

Отбасылық айтыстың жеребесі.
«Алатаудай тау мен тау кездеспейді,
Бауырлар кездеседі» деген осы.
Қос құлағың қалқайып қайдан жүрсің,
Асықпай сұрайыншы сенен осы.

Талайға жетуші едім табанда аттай,
Бүгін де тездетейін шабандатпай.
Осы айтыс аман-есен тарқаса екен,
Ағайынды жандарды арандатпай.
Ағайын, мына отырған Дәурен інім,
Ауылда тыныш қана қарап жатпай,
Ақын болып шыққаны аяқасты,
Бәрімізді қоймады алаңдатпай.
Астыртын Әселханмен байланысып,
Ол жағын маған да айтпай, оған да айтпай,
Әселханға шәкірт боп шыға келдің,
Өзіміздің әулетте адам жоқтай.
Көзімнің тірісінде соны істедің,
Менің өлең үйретер шамам жоқтай.

Бауырымды аясам жай шабамын,
Бірақ бүгін несіне тайсаламын.
Ал енді домбырасын қолына алсын,
Теңізге жаңа түскен майшабағым.
Қалың елдің алдында көрсеткейсің,
Ақыны екеніңді қай шаманың.
Алатаудың бауырын дүркіретсең,
Артымда інім бар деп айта аламын.
Ал енді ала-құла сөйлеп жатсаң,
Көрерменге басқаша ой саламын.
Бұл жерде Бекарыстың кінәсі жоқ,
Әселханның шәкірті дей саламын.

ДӘУРЕН:

«Бұл інім жүре ме» деп «шаппай қалып»,
Ағасы, келіпсіз ғой қатты ойланып.
«Әселханның шәкірті боп кеттің» деп,
Соқтыңыз ба балалық шаққа айналып?
Дей салмай-ақ,  ұстазың — Әселхан ғой,
Баптаған талантымды оттай жағып.
Сіз ол кезде шабандоз болатынсыз,
Жүлдесін алатұғын шаппай барып.
Сізге шәкірт болғанда кім болар ем,
Ақын болмай кетер ме ем бақ байланып.
Тағы да қай көкпарға кетті екен деп,
Жүрер ме ем ұстазымды таппай қалып.
Осындай қалың елмен жүздесе алмай,
Ат қорада қалар ма ем атты айналып.

Таниды сені Алматы әлем дерлік,
Сондықтан ештеңе жоқ дәлелдерлік.
Саған қандай теңеуді айтамыз деп,
Өзіміз де қиналып әрең келдік.
Қандай теңеу айтсақ та Алатауым,
Қашан сенің бағаңды төмен бердік.
Себебі ата-бабам аңсап кеткен,
Азаттықтың ақ таңын сенен көрдік.
Шығардың шал ақынды шайыр қылып,
Кітап ұстап келгенді кемеңгер қып.
Ассалаумағалейкум, баршаңызға,
Қазақтың құрметіне бөленген жұрт.
Жарты әлемді сыйдырған құрамына,
КСРО-мен күрескен өлермен жұрт.
Қонаев ақсақалдың қаласына,
Ақсақал әулетінен сәлем бердік.

Бүгін бір өзгеше айтыс болып отыр,
Бұл өзі не айтыс деп елім отыр.
Отбасы боп айтысып көрейік деп,
Туысқандар жиналды төріңе кіл.
Иран-Ғайып айтысып ағасымен,
«Сегіз» ап қап ортайып көңілі отыр.
Жетектеп отыздағы немересін,
Егеухан анамыз да еніп отыр.
Бір емес екі бірдей інісімен,
Дидардың да арқасы кеңіп отыр.
Тағы да үш отбасы сахнаның
Арт жағында тас-түйін берік отыр.
Әйтеуір қайсысына қарасаң да,
Отбасы мүшелері толық отыр.
Ал енді Шойбековтер әулетінде
Адам саны біреуге кеміп отыр.
Ақыры не боларын құдай білсін,
Бір адам, бір «Арыстан» келіп отыр.

Сіз үйде қарапайым тынышсыз ғой,
Ойпырмай, сахнада суықсыз ғой.
Сәл де болса жымиып қойсаңызшы,
Қайткенмен өзіміздің ұрықсыз ғой.
Белгілі өзіңізбен айтысқандар,
О бастан-ақ жеңістен үмітсіз ғой.
Құдай басқа салған соң шығып тұрмыз,
Әйтпесе ініңіз де құлықсыз ғой.
Баланы Бекарыспен жұптайды ма,
Жүрсін көке, негізі қызықсыз ғой.
Білмеймін қандай айла тапқаныңды,
Асауды да құрықпен іліпсіз ғой.
Айтыстың майданына атышулы
«Киллерді» қайтадан ап шығыпсыз ғой.
Жүрсін көке, сіз енді не дегенмен,
«Киллер» ұстап жүретін жігітсіз ғой.
Безбүйрек Бекеңнің де біржолата,
Мойынын өзіңізге бұрыпсыз ғой.
«Арыстан, арыстан» деп ақырында,
Апанына шабатын қылыпсыз ғой.

Білесіздер былтыр жаз шамасында,
Жаңалық болған жақсы Алашымда.
Түркістан облысы атанғанбыз,
Той беріп ұлы түркі даласында.
Қолы бос бір адам жоқ біздің жақта,
Ағайын, нанбайсың ба, нанасың ба?
Күннен-күнге көркейтіп Түркістанды,
Тілектестер тірлікке таласуда.
Алатауға жарасқан Алматыдай,
Қаратауға Түркістан жарасуда.
Жаңғыруын жатырмыз жаңғырып-ақ,
Жарылып та жатырмыз арасында.
Тыныш жатқан қаланы жарып алып,
Шаруамыз басымыздан тағы асуда.
Қысқасы бізде тірлік қайнап жатыр,
Қайта сап облысын да, қаласын да.

Шақырған мың рахмет ер Жүрсінге,
Әйтпесе бұл Дәуренді ел білсін бе?
Құрылыстың басында жүруші едім,
Уақыт таппай сұранып көлгірсуге.
Дедің бе «Қалқан құлақ, қайдан жүрсің?»
Бекең енді уәжден жеңдірсін бе?
Жүкеңнің бір сөзіне келдім Беке,
Әйтпесе інің мұнда тек жүрсін бе?
Мені қойшы, өзіңіз не істеп жүрсіз,
Бекарыс қайда екенін ел білсін де.
Түркістан жағында да көрінбейсіз,
Тым құрыса тілектес боп жүрсің бе?
Мақұл ғой, Түркістанда адам жетед,
Арасында Арысқа кеп жүрсің бе?
Ау, Беке, шыныңды айтшы Түркістан деп,
Шыныменен уайым жеп жүрсің бе?
Жоқ әлде, Шойбековтың қатысы жоқ,
Шөкеевтің шаруасы деп жүрсің бе?

БЕКАРЫС:

Бұл ағам қайдан жүр деп жырладың-ау,
Өз ағасын танымай тұр ма мынау?
«Құрылыстың ортасынан кеп тұрмын» деп,
Сахнаны шаңғытып былғадың-ау.
Ясауи кесенесін сап жатқандай,
Өзіңді бір армансыз пұлдадың-ау.

Құрылыста жүретін қайран жігіт,
Алматыда неғып жүр сайран құрып?
Түркістан менсіз қирап қалатындай,
Көңіліңе отсың ба қайғы алдырып?
Дәуренжан Түркістанның жігіттері,
Сарыарқада жігерін қайрап жүріп,
Целинаградты тотыдай түрлендіріп,
Астанаға жіберген айналдырып.
Елорданың еңсесін тіктеп келді,
Ел біткеннің көңілін жайландырып.
Солар қайтып оралды Түркістанға,
Елге қызмет етуді байлам қылып.
Су жаңа облысты салып жатыр,
Көрген жанның барлығын қайран қылып.
Астананы сап берген алтындарым,
Облысты салады ойнап жүріп.

Айтыстың толық нұсқасын алдағы уақытта «QAZAQSTAN» ұлттық  арнасынан тамашалай аласыздар.

         Естеріңізге сала кетейік,  «Nur Otan» партиясы, «Қазақстан» РТРК АҚ және «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Осыған сәйкес айтыстарды тарату құқығы тек «QAZAQSTAN» ұлттық арнасына тиесілі екенін ескертеміз.

aitysker.org

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *