Басты бет Негізгі бет Б. ИМАШ: НАҒЫЗ КЛАССИКАЛЫҚ АЙТЫСТАР
Б. ИМАШ: НАҒЫЗ КЛАССИКАЛЫҚ АЙТЫСТАР

Б. ИМАШ: НАҒЫЗ КЛАССИКАЛЫҚ АЙТЫСТАР

 563 0

          Айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері  Балғынбек Имаш    Алматыда өткен «Отан отбасынан басталады» атты айтыс туралы  өз пікірін білдірді. 
          Б. Имаш: «Қазақ айтысына өздері зор үлес қосқан, ұлдары олжа салған отбасылар аз емес. Кешегі Манап Көкенов пен Әбдікәрім Манапов ең алғаш рет «Әке мен баланың айтысын» жасаған болатын. Әкелі-балалы Айтақын мен Жандарбек Бұлғақовтар оны тіпті шырқау шыңына жеткізіп, классикалық үлгісін көрсетті.
Кеше ғана Республика Сарайында «Нұротанның» қолдауымен «Отан отбасынан басталады» деген атпен айтыс жаңаша формада өткен екен. Отан үстіндегі «жұлдыздарды» ғана емес, отау ішіндегі ұл-қыздарды да айтыстыруға болатынын көрсеткен бұл жоба — айтыстың жаңашылдыққа басқан жарқын қадамы.
       Айтысқа қатысқан барлық ақындар туралы ауыз толтырып айтуға болады.
       Әзіргі сөз жүлдегер болған үш отбасы жайлы:
      Үшінші орынды иеленген үштік — Камиевтер әулеті. Ақын Дидарды көрермен қауым жақсы таниды. Құлын кезінен құлдыраңдап шауып, тай күнінде топқа танылып, «Шашасына шаң жұқпайтын шын жүйрік» деген бағасын құнан кезінде алып қойған. Соңынан ерген бауырларына да Дидардың жарқын жолын берсін!
      Екінші орыннан табылған текті әулетті Қазақстан түгілі Моңғолия, Қытай, Түркия мен Еуропа тегіс таниды. Егеухан апам ең алғаш Баянөлгейден келіп, жоғарыда есімі аталған Манаптың Әбдікәрімімен айтысқан. Көзі зағип болғанымен сөзі тарих, өзі ағиық Қатимолданың «Қарагерін» олжалаған. Сол «Қарагер» бүгінгі «Нұрлы көш» емес, әуелгі Қара көшті Атамекенге бастап келген. Одан бөлек Егеухан анамыздың алтын құрсағынан түскен Кәптің Тәттімбеті атбегілік өнерімен, Есенгүлі қаламгерлігімен, Дәулеткерейі ақындығымен Алаш сүйсінген азаматтар болды. Дәулеткерейдің Мэлспен, Оразалымен айтыстары алтын қорға кіретін нағыз классикалық айтыстар. Ендігі жерде еліміз Егеухан анамыздың немересі Ардакерейдің арда туғанына куә болды.
       Бірінші орын алған Рүстем мен Қайыртай ағам үшін де шын қуаныштымын. Семейдің топырағы таланттарға кенде болған емес. Қайыртай көкем тәрбиелеген ұл — қазақ айтысының бағы. Ойлары оймақтай болғанымен ойып түсетін, сөздері қаймақтай болғанымен сойып түсетін Рүстемге көркемдік жағынан тең келетін ақын кемде кем. Рүстем — аса талантты, кішіпейіл, тәрбиелі, ақпейіл азамат. Алла абырой биігінен түсірмесін.
Аман болыңыздар, Алаштың ақиық ақындары!
Аман жүріңіз, Жүрсін аға!» 

СІЛТЕМЕ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *