Басты бет Жазбанұсқа Р. ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ: ҚАЗАҚҚА ҚЫЛДАЙ ҚИЯНАТ ЖАСАҒАНДЫ, КОЛБИННІҢ ИТІНЕН ДЕ ЖЕК КӨРЕМІН
Р. ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ: ҚАЗАҚҚА ҚЫЛДАЙ ҚИЯНАТ ЖАСАҒАНДЫ, КОЛБИННІҢ  ИТІНЕН ДЕ ЖЕК КӨРЕМІН

Р. ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ: ҚАЗАҚҚА ҚЫЛДАЙ ҚИЯНАТ ЖАСАҒАНДЫ, КОЛБИННІҢ ИТІНЕН ДЕ ЖЕК КӨРЕМІН

 203 0

Алматыда өткен «Отан отбасынан басталады» атты отбасылық айтыстың бесінші жұбында өнер көрсеткен Қайыртай Ақылбеков    пен баласы Рүстем Қайыртайұлының  айтысынан үзінді.   

ҚАЙЫРТАЙ АҚЫЛБЕКОВ:

Оу, Қайыртайұлы Рүстем,  қалың қалай?
Қайыртайдың сәлемін қабылдағай.
«Балаңмен бір айтысып көрсейші» деп
Жүрсін аға құйған соң жалынға май.
Сахнаға шықтым міне өзім ертіп,
Мен жамбас болғанда,  сен қабырғадай.
Сен Шоқандай  бола алсаң, мен – Шыңғыспын,
Өзім болдым-толдым деп қабынбағай.
Мен сабырлы, биязы үлкен Бушпын 
Тік мінезді кіші Буш,  бабың қалай?
Ескі-құсқы ақынның біреуі деп,
Елемей, жаза басып жаңылмағай.
Арыстағы жағдайды білесің ғой,
Советтік  складтың жарылғаны-ай!
Байқамай снарядты тұтатып ап,
Кінәлі солдат құсап жалынбағай.

Сіңірген тал бойымның бар асылын,
Рүстем,  тұңғышым сен,  жанашырым.
Біз енді салиқалы айтысайық,
Көрсетіп әке — бала жарасымын.
Мектепті бітіре сап кетіп қалдың,
Мекен етіп КазГУ-дің қалашығын.
Өзіңді бес-алты айда бір көреміз,
Көзіме кәне тура қарашы ұлым.
Менен көрі маңдайың ашылыпты,
Түгі сиреп шашыңның арасының.
Мен тақпаған әшкиді сен тағыпсың,
Кітапқа көп қадалып қарашығың.
Менде жоқ сақалды да өсіріпсің,
Өзіндей боп Сламжан нағашының.
Кейбір адам түсінбей от(ыр)ған шығар,
Екен деп «әкесі кім, баласы кім»?!
Бүкіл қазақ  біледі айтқан сөзін,
Қазақтың Құнанбайдай данасының.
«Алдымен Абайдайын ұл өсіріп»,
Деген ғой «меніменен талас ұлым».
Қалың ел осыдан-ақ білген шығар,
Бұл айтыста жеңерін шамасы кім!

РҮСТЕМ ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ:
Мына сөз қалжың ба, әке, расыңыз ба?
Тиістіңіз шаш, көз, сақал, қасымызға.
Ойсыз, мұңсыз, қаперсіз жүрер болсам
Бет-жүзім ұқсар еді-ау жас уызға.
Алдыңғы доңғалақ боп жаралған соң,
Маған тиер соққы мен тасыңыз да.
Осы үлкен ұлыңның үлесі ғой,
Жас көрінсең елу бес  жасыңызда.
Анам мен сіз мектепте күні бойы,
Кеш батса барасыз көп досыңызға.
Мен байқұс, бала қарап, сиыр сауып,
Дайын тұрар еді ғой асыңыз да.
Қалаға келгеннен соң төрт бауырымды,
Кезек-кезек алдырдық қосымызға.
Соларды оқыту мен үйлендіру,
Міндет болып жүктелді басымызға.
Сіздерге айтпай сан түрлі проблемасын,
Шешем деп сиреді ғой шашымыз да.
Ал енді айтыңызшы кім себепші,
Кәрілеу боп отырсам қасыңызда?

Әкетай еркін өскен көкбөрі едің,
Осы күнге еңбекпен жеткен едің.
Хрущев, Брежневтерді бір аунатып,
Өткен күннің айттыңыз көп дерегін.
Компартияның қиылып көк тамыры,
Орнына бәйтеректің көктегенін.
Ал, мен Колбин келгенде туған екем,
Басын бұлт шалған кезде Көктөбенің.
Итін де самолетпен алдырыпты ол,
Дегендей бағынбасаң бөктеремін.
«Желтоқсан оқиғасы» жылы туған,
Азаттықтың алғашқы кептері едім.
Жұбанның «Мен қазақпын» жыры оқылып,
Қайраттай қыршын болып кеткен ерім.
Білмеймін, содан ба екен, бала күннен
Өзім туған жылға сәл өкпелі едім.
Қазаққа қылдай қиянат жасағанды,
Колбиннің итінен де жек көремін.

Айтыстың толық нұсқасын алдағы уақытта «QAZAQSTAN» ұлттық  арнасынан тамашалай аласыздар.

         Естеріңізге сала кетейік,  «Nur Otan» партиясы, «Қазақстан» РТРК АҚ және «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Осыған сәйкес айтыстарды тарату құқығы тек «QAZAQSTAN» ұлттық арнасына тиесілі екенін ескертеміз.

aitysker.org

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *