Басты бет Негізгі бет «МҰҒАЛІМНІҢ МҰҢЫ». Қ. АҚЫЛБЕКОВ: ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ҚҰРА АЛМАДЫҚ

«МҰҒАЛІМНІҢ МҰҢЫ». Қ. АҚЫЛБЕКОВ: ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ҚҰРА АЛМАДЫҚ

 305 0

        Алматыда өткен «Отан отбасынан басталады» атты отбасылық айтыста айтыскер ақын, ұстаз  Қайыртай Ақылбеков  баласы Рүстем Қайыртайұлымен айтысқан болатын.

  Қайыртай Ақылбеков  1964 жылы  3 қаңтарда ШҚО Тарбағатай ауданы Үштөбе ауылында туған. «Өкпеті» орта мектебінің директоры.  Ұстаз. ҚР Оқу ісінің үздігі. Бірнеше республикалық, облыстық айтыстың жүлдегері. М. Әуезовтың 100 жылдығына арналған айтыстың, Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған айтыстың бас жүлдегері.

Өз ұлымен айтысқан ақын әке сөз арасында қазіргі ұстаздардың, мектептің жағдайын тілге тиек етіп, қоғамдық мәселелерді де көтере сөйледі:

…Отыз үш жыл ұстаздық етіп келем,
Көз көрді ескіні де, жаңаны да.
Кеңестік кезеңдерде бастан өтті,
Тәу ет деп партияның талабына.
СССР, КПСС, Маркс, Ленин,
Сарсаңға салушы еді сананы да.
Тәуелсіздік алғанда жүрек тулап,
Қоғамға тәубә дедік жаңа мына.
Алайда ұлттық мектеп құра алмадық,
Тегеурін танытатын заманына.
Жаһандық үдеріске өтеміз деп,
Айналды мектеп сынақ алаңына.
Дамыған елдер солай оқиды деп,
Түсініксіз тәжірибені таңады да.
Белгісіз бағытқа алып барамыз-ау,
Бағаламай бұйымдай баланы да.
Өзін емес, өзгені таңсық көрген,
Не дерсің «білгіштердің» бағамына.
Оқулықтар сапалы деп айта алмайсың,
Аралас жақсысы да, жаманы да.
Ана тіл арындамай, ақсап жатыр,
Тасырқап тас кіргендей табанына.
Бәрі де бастан өтіп жүргеннен соң,
Кей-кейде ішің от боп жанады да.
Байқасам Мағжан, сірә, біліп айтқан,
«Сұм өмір абақты» деп «саналыға».

Жеткіншек жамандықтан жерінер деп,
Бойына білім нәрі егілер деп.
Бұл күнде жаңартылған бағдарлама,
Мұғалімге тапсырма берілер көп.
Қазіргі балалардың бәрі ерке,
Партасында отырып керілер кеп.
Көз алартып қарасаң «керілме» деп,
Ата-ана шу шығарып тебінер кеп.
Жақсылық ойласаң да жақтырмайды,
Не түрлі бәле-жала терілер көп.
Бұдан соң бала қайтсын мұғалімді,
Тапсырма орындауға ерінер көп.
Міндеті емес, құқығын жаттап алған,
Мектепте «салдар» менен «серілер» көп.
Соның бәрін түсіріп сабасына,
Келеміз өркениетке керуен боп.
Баяғы Мағжан айтқан «Төрдегі орын»,
Түбі бір көзімізге көрінер деп!

Өзгерер бәрі өзгерер,
Өзгергенді көз көрер.
Қателесіп жүргенді
Түзейміз деп сөз берер.
Бұлдырап тұрған болашақ
Таңбаланып тез келер.
Шындықты неге айтпасқа,
Көз көріп тұрса көзге ілер.
Мұғалім деген қара нар,
Қиындыққа төзген ер.
Артқаны алтын болғанмен,
Жегені жантақ пенделер.
Бойынан қуат кеткенше,
Ұлт мүддесі көзделер.
Жылдар жылжып өткенде,
2050 жеткенде,
Тәуелсіз қазақ осы деп,
Күлмесе болды өзгелер!

aitysker.org

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *