Басты бет Жазбанұсқа Р.ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ: СӘЛ ҰЯТТАУ БОЛЫП ТҰР…
Р.ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ: СӘЛ ҰЯТТАУ БОЛЫП ТҰР…

Р.ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ: СӘЛ ҰЯТТАУ БОЛЫП ТҰР…

 442 0

Қыркүйек айының 18-19 күндері Қарағанды қаласында С.Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысында өнер көрсеткен Рүстем ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ мен Нұрмат МАНСҰРОВтың айтысынан үзінді.

Рүстем ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ:

Ұяттың кетер болса беттен нұры,
Сол болар қадіріңнің кеткендігі.
Келешек ұрпақтардан ұят болар деп,
Сәкендердің шын азап шеккендігі.
Елбасының астарлы сөзі бар ед(і),
Шіркін-ай, ойласа ғой бектер мұны.
Бізден соңғы ұрпақтың бет-бейнесі,
Бүгінгі ісімізден беп-белгілі.
Сәл ұяттау болып тұр түрмелерде, 
Көп көреміз шенді мен шекпендіні.
Сәл ұяттау болып тұр бір доллардың,
Үш жүз тоқсан теңге боп кеткендігі.
Сәл ұяттау болып жастарымның,
Ажырасып жатқаны төрттен бірі.
Сәл ұяттау болып тұр тіліміздің,
Тәуелсіз ел болсақ та жоқ теңдігі.
Сәл ұяттау болып тұр аналардың,
Көшеге шығып жасын төккендігі.
Сәл ұяттау болып тұр қайбір елге,
Қарызымыз қалыңдап кеткендігі.

Дүниеге десек мәңгі тұрақтайық,
Келешекке кешірім сұратпайық.
Ол үшін осы ұятты жағдайларды,
Тезірек тізгіндейік, бұғаттайық.
Ажырасудың баспана бас себебі,
Жастарды үйлі қылып қуаттайық.
Күліп алған қарыздың сұрауы бар,
Қайтаратын адамды жылатпайық.
Парыз деген сөз қалған бабалардан,
Аманаттың ақ туын құлатпайық.
Бабалар бетімізді қызартпаса,
Біздерде ұрпақтарды ұялтпайық!

 

Естеріңізге сала кетейік қыркүйек айының 18-19 күндері Қарағанды қаласында С.Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысы өткен болатын. «Nur Otan» партиясы қолдау білдіріп, Қарағанды облысы әкімдігі ұйымдастырған 18 ақын қатысқан сөз сайысында: Бас жүлде (екеу) – М.Ақанов (Қарағанды), Ж. Бұлғақов (Нұр-Сұлтан); І-орын (екеу) — Ө. Көпбосынов (Қарағанды), Б. Ширмединұлы (Орал); ІІ-орын (үшеу) — Т. Жаманов (Қарағанды), М. Ниязов (Қызылорда), Д. Қами (Қарағанды); ІІІ-орын (бесеу)- Б. Шойбеков (Түркістан), А. Қалиев (Арқалық), Ә. Ережеқызы (Нұр-Сұлтан), Н. Мансұров (Нұр-Сұлтан), Б. Әділбек (ҚХР) иеленген болатын

Айтыс тікелей «Nur Otan» партиясының қолдауымен өткізілді. Қарағанды облысы әкімдігі, «Қазақстан» РТРК мен «Айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағы» РҚБ аталмыш шараға ат салысты. 

Айтысты жүргізген: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ж. Ерман.

Қазылар алқасының құрамы:
А. Әшімов, ҚР Еңбек Ері,  КСРО Халық әртісі (Төраға)
Ә. Беркенова, Қазақстанның Халық ақыны
Н. Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Құрмет» орденінің иегері
С. Ақсұңқарұлы, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Ғ. Жайлыбай, ақын,халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Қ. Асанов, ақын, Филология ғылымдарының докторы
А. Әлтай, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Филология ғылымдарының докторы
Б. Халиолла, ақын, Қ. Мырза-Әлі атындағы орталықтың директоры 

aitysker.org

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *