Басты бет Жазбанұсқа М.Сұлтанхан: «Тойға мінер жорғасын біздің қазақ, Қойға мініп осылай қор қылады»
М.Сұлтанхан: «Тойға мінер жорғасын біздің қазақ, Қойға мініп осылай қор қылады»

М.Сұлтанхан: «Тойға мінер жорғасын біздің қазақ, Қойға мініп осылай қор қылады»

 419 0

23 қазан күні Қызылорда облысында Жалағаш ауданының 80 жылдығына арналған «Тарихы терең, еңбегі ерен — Жалағаш» атты республикалық ақындар айтысы өткен болатын. Қызылорда облысы Жалағаш ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан сөз сайысына Айдос Рахметов, Кәрима Оралова, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Рүстем Қайыртайұлы, Қанат Мырзахан, Біржан Байтуов, Шалқарбай Ізбасаров, Талғат Мықи, Мейірбек Сұлтанхан сынды 10 ақын қатысып, бақ сынаған сөз сайысында Қызылордалық Мұхтар Ниязов бас жүлде иегері атанған болатын.

Назарларыңызға Мейірбек Сұлтанханның сол айтыста айтқан айшықты шумағын ұсынамыз.

Мейірбек СҰЛТАНХАН:

Ауданды жырға қосып болды бәрі,
Ашылды тақырыптың енді мәні.
Мен Темірбек Жүргенов жайлы айтайын,
Қазақтың қалықтаған ол қыраны.
Кеңестік кер заманда рухани,
Байлықтың болмау үшін қолды бәрі.
Өнерді өлтірмеуге жанын салып,
Дәріптеген тұлға еді мол мұраны.
Мәскеудің төрінде де сайратпап па ед(і)?
Төл аспабы қазақтың домбыраны.
Тұрмағанбет шайырға аудартқызып,
«Шахнаманы» қазақша том қылады.
Ал бүгінгі қоғамға көз жүгіртсең,
Айналаң азғындыққа толды бәрі.
Киелі сахнаңды Сайлаубектей,
Рэперлер боқауызбен бомбылады.
Қазаққа «Қалаулым» қ(ыл)ып қайта әкелдік,
Орыстардан көшірген «Дом дваны»
Жалаңаш бикештерді жарнамалап,
Жасаудан жалықпаймыз зор күнәні.
Эфирден айтысыңды қиып тастап,
Еңбегіңді еш, тұзыңды сор қылады.
Байбосынов Қайратты білмейтіндер,
Тоқсан бірдің әніне хор құрады.
Концерттерге қосуға зауқымыз жоқ,
Тәңірберген Айбек пен Элмұраны.
Дәстүрлі әншілерің далада жүр,
Енді кімнен іздейсің ол кінәні.
Бұлбұлдардың сайрайтын бұтағына,
Қарқылдаған қарғаны қондырады.
Тойға мінер жорғасын біздің қазақ,
Қойға мініп осылай қор қылады.

Шешен сөздің болған соң шебері біз,
Астассын ақиқатпен өлеңіміз.
Евгений Брусиовский жазып кеткен,
Тарихта бар еді бір дерегіміз.
Темірбек «нарком» болып тұрған кезде,
«Темірдей тәртіп» депті көреріміз.
Жүргенов бір жиналыс өткізіпті,
Дамысын деп ән мен күй, өнеріміз
Қазақша әңгімесін жүргізіпті,
Тисін деп қазақ үшін көмегіміз.
Сол кезде Орлов дейтін орыс ғалым:
-Жолдас нарком кішкене бөгеліңіз,
Орысша сөйлеңіз деп өтініпті,
Қазақша түсінбейміз себебі біз.
Жүргенов сонда қатты ашуланып,
Кеп тұр депті сонымен не дегіңіз.
Қазақша сөйлеуіңіз міндет депті,
Қазақтың наны болса жегеніңіз.
Репрессияның тұсында ақ сол емес пе,
«Рухани жаңғыру» дегеніміз.
Тәуелсіз ел болсақ та қазір бірақ,
Тәуелді орыс тілге неге еліміз?
Отыз жылда тіл бітіп мылқауға да,
Кез келді ғой еститін кереңіңіз.
Жүргеновтың жүректі ерлер болса,
Кері айналып келер ед(і) керегіміз.
Орысша міңгірлеген шенділердің
Шекесіне қағар е(ді)к шегені біз.
Қазақстан имиджін жасаймыз деп,
Қазір ақша шашудың шеберіміз.
Тіліңнің мәртебесін көтермесең,
Сол баяғы сорлылық көреріміз.
Темірбектей тектілер төрде отырса,
Алтындай асқақтар ед(і) беделіміз.

aitysker.org

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *