Басты бет Жаңалықтар ҚазҰӨУде Ж.Кәрменұлының атына сынып ашылып, еске алу кеші өтті
ҚазҰӨУде Ж.Кәрменұлының атына сынып ашылып, еске алу кеші өтті

ҚазҰӨУде Ж.Кәрменұлының атына сынып ашылып, еске алу кеші өтті

 66 0

    Нұр-Сұлтан қаласында 13-қараша күні Қазақ ұлттық өнер университетінде әнші, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменұлының атына «Дәстүрлі ән» кафедрасының жанынан сынып ашылып, 70 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.

     Алыс-жақыннан Жәнібек Кәрменовтың замандас достары, інілері, жары Тоты Тұрсынханова мен қарындасы Кенжегүл Кәрменовалар келіп сыныптың ашылуында болды. ҚР Халық әртісі Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Қ. Байбосынов пен ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Н. Айтұлы сыныптың лентасын қиып ашып берді.

      Ашылу салтанатының соңы керемет кешке ұласты. ҚазҰӨУ ректоры Айман Қожабекқызы сөз сөйлеп, белгілі әнші туралы естеліктерімен бөлісті. Сөз соңында Жәнібек Кәрменовтың жұбайы мен қарындасына сый-сияпат жасап, ризашылығын білдірді. 

     Абайтанушы, Алаштанушы, Филология ғылымдарының докторы профессор Тұрсын Жұртбай, Филология ғылымдарының докторы профессор, ән өнерінің жаңғыруының дамуына үлес қосқан қайраткер Құныпия Алпысбаев, белгілі спорт жазушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбаевтар Жәнібек Кәрменов жайында көптеген жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

     Сахнаға елімізге белгілі Сырым Мұхамеджанов, Нұрай Танабаев, Ерлан Рысқали, Айгүл Елшібаева, Ардақ Балажанова, Ерболат Шалдыбеков, Айтбек Нығызбаев, Телман Нұркенов, Жазгүл Даңылбаева, Клара Төленбаева, Толғанбай Сембаев, Данияр Мұқан, Мақсат Хамзин, Мейрамбек Ахметов, Рысты Сүлейменова, Құмарбек Қалқатаев, Гүлмира Сарина сынды дарынды әншілер шығып өнер көрсетті. 

     Кешті бірнеше республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, ҚазҰӨУнің аға оқытушысы Е.Қайназар жүргізді.

     Айта кетейік, Жәнібек Кәрменов кезінде өзіндік ән орындаушылығымен ерекше көзге түсті, көптеген халық композиторларының шығарма өмірі мен мұрасын насихаттау және олардың ұмытылған ән мәтіндерін қалпына келтіру ісіне мол үлес қосты.  Қазақ радиосы мен телевизиясы арқылы халық әншілері мен әншілік дәстүр жайында хабарлар (А.Сейдімбекпен бірге) жүргізді. Өнер тақырыбына арналған кітаптары (“Ақылбайдың әні”, ”Ғашықтың тілі”, “Махаббат әні”) жарық көрді.  1984 жылы концерттік- орындаушылық, зерттеу қызметтері және жастар арасында халық өнерін насихаттаудағы жұмыстары үшін оған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 1996 жылы оның есімі Қарауыл ауылындағы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы) музыка мектебіне берілген.

    Белгілі әнші, қаламгер Жәнібек Кәрменов туралы: «…Кез келген шын мәніндегі дарынды тұлға секілді, Жәнібек те көп қырлы, алуан сырлы өнерпаз болатын. Оның таңғы шықтай мөлдір әңгіме-повестерін жұртшылық күні бүгінге дейін жастанып жатып оқиды. 0л шығарған әндер халықтық қалпымен, қасиет-парқымен тыңдаған жанды тәнті етеді. Жәнібектің қария сөзге жүйріктігі, ел ішінің шежіре тарихын көп білетіндігі, әсіресе, орайлы жерде суырылып сөйлеп кететін шешендігі бір ғажайып қасиеті болатын. Бұл ретте Жәнібек бұрынғы өткен әнші бабаларының көзіндей, асылдың тұяғындай, дәстүрлі мәдениетіміздің ортамызда жүрген біртуар өкіліндей болып көрінетін», – дейді жазушы Ақселеу Сейдімбек.

Фоторепортаж:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *