Басты бет Негізгі бет «Құлмамбеттің құлыны» қырық төртке келер еді
«Құлмамбеттің құлыны» қырық төртке келер еді

«Құлмамбеттің құлыны» қырық төртке келер еді

 201 0

«Өлім, өлім, өлім деп,

Неғыламыз күрсініп.

Өлген адам көмілмек,

Тірі адамға — тіршілік…» — деп, Мұқағали айтпақшы, баянсыз қу тірліктің соңына ілесіп, Ораздан айырылғанымызға да 15 жыл өтіпті-ау!

Қазақстан Жазушылар Одағында оғылан ұлды ақтық сапарға шығарар сәтте, ақын Жүрсін Ерман Оразалының соңғы жазған өлеңін оқып, қазаға жиналған қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып еді.

«…Қанды ауыз тағдыр қалайсың?

Он екі мүшең аман ба?

Қорқыт боп келсем өмірге,

Қарсы тұрмас ем ажалға.

Әзірейіл тұрар тегінде,

Алынбай ешбір амалға.

Аш күзендей иіліп,

Аллаға адал сиынып,

Маңдайың жерге тигенше,

Шынтағың ақты сүйгенше,

Тұрағы жоқ тұл тағдыр,

Одан да жығыл намазға.

Мұқтаж боп өткен Мұхтар да,

Абайдың жырын оқыған,

Он сегіз мың ғаламға.

Мәйітке біржола айналып,

Көрдің есігін қағарда,

Бір шумақ өлең оқышы.

Қабірімді менің қазарда,

Қаламымды орап бірге көм,

Бір жапырақ қағазға.

Ақымға мені саларда,

Дәл солай істе болмаса.

Кебенегімді жамылып,

Асан боп арман айтармын,

Аңызды ажал далаңда.

Түркілер де білген ақырын,

Тағдырын тасқа жазарда.»

Айтыс өнерінде тыңнан түрен салып, ерекше мақамымен реформатор ақын ретінде танылып, көзі тірісінде-ақ «Құлмамбеттің құлыны» атанған Оразалы Досбосынов тірі болса 44 жасқа толар еді…

Естеріңізге сала кетейік Оразалы Досбосынов 1975 жылы 15 қара­шада Алматы облысы Райымбек ау­даны, Тегістік ауылында туған. Мектебін тәмам­даған соң, ауылдық мәдениет үйінде жұмыс істеген. Оқушы кезінен айтыстар мен түрлі мәдени шараларға қатысып жүрген ол айрықша талантымен ерте көзге түсті. Кейін Алматыға келіп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінің филология факультетінде оқыды. Үлкен өнер ордасында жүріп, Оразалы респуб­ликалық айтыстарға қатысып, айтыс­сүйер қауымның жоғары бағасын алды. Біраз жыл Қазақ ұлттық универ­ситетінде мәдени-ағартушылық саласында еңбек ете жүріп, бірқатар ізбасар шәкірт­терін тәрбиеледі. Ол негізінен еркін шы­ғар­машылықпен айналысқан. Ешқан­дай ресми атақсыз-ақ аз уақыт ішінде ол халықтың ақынына айналды. Ірі айтыстарда талай рет топ жарған Оразалы көршілес Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде өткен додаларда да орақ тілімен кесімді сөз айтып, қазақтың атын асқақтатты. Марқұмның денесі Алматы маңындағы Тұздыбастау қорымында жер­ленген.

aitysker.org

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *