Басты бет Жазбанұсқа А.Сейітов: «Әйтпесе бұл күндері жүрер ме едік, Фараби бабамызбен пара беріп?!»
А.Сейітов: «Әйтпесе бұл күндері жүрер ме едік,  Фараби бабамызбен пара беріп?!»

А.Сейітов: «Әйтпесе бұл күндері жүрер ме едік, Фараби бабамызбен пара беріп?!»

 52 0

     Тоқсаныншы жылдардың басындағы кетеуі кеткен күрделі кезеңде саяси егемендікке қол жеткізген Қазақ елі дербес қаржылық-экономикалық саясатын қалыптастыруға тәуекел еткен-ді. Осылайша, Тәуелсіз елдің ұлттық валютасы – теңге дүниеге келген болатын.

Президент «Жаңа ғана тәуел­сіздігін алған елміз. Бізді, тіпті өзгелер саяси картадан да та­ба алмайды. Сондықтан ең бі­рінші номинал, ең танымал – әлем білетін қазақ болуға тиіс», деді. Сол себепті елбасымыз «Қазақстан Республикасы ау­мағында 1993 жылғы 15 қарашада са­ғат 8:00-ден Қазақстан Респуб­ликасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілсін» деген жарлық берген болатын.

Ең алғашқы төл теңгемізде қазақтың ұлы ойшылдары, күйші-ақындары мен хандарының бейнесі бейнеленгені есімізде. Атап айтсақ, оларда әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хандардың суреті болған. 

Кейіннен 2006 жылы теңгеміздің кескіні түбегейлі өзгерді. Ұлттық валютадан тарихи тұлғалардың бейнесі алынып тасталды. Жаңа үлгідегі банкноттар бірыңғай стильде жасалды. Онда заман талабына сай өзгерген әсем Қазақстанның қазіргі келбеті айшықталған. 3 теңгелік номинал жоғалып, 1-ден 100 теңгеге дейінгі қағаз ақша темір теңгеге айналды. 

Назарларыңызға айтыскер ақын Аян Сейітовтың төл теңгеміздің кескіні өзгеруіне байланысты айтыста айтқан айшықты шумағын ұсынамыз.

Аян СЕЙІТОВ:

Шілдеде жүрген жанға шана жегіп,

Қайдан ғана жеткізсін заман елік?

Бұрынғы төл теңгелер көз алдымда,

Сағыз ап көрмесем де бала болып.

Он теңге бетіндегі Шоханыңды,

Қашқарияны зерттеген аға дедік.

Жиырма теңге бетіндегі ұлы Абайды

Ғұлама, данышпан мен дана дедік.

Елу теңге бетіндегі Әбілхайыр,

Кіші жүзге хан болған баба дедік.

Үш жүздің басын қосқан Абылайды,

Жүз теңге қып шытырлатып санап едік.

Теңгенің өзгергені жақсы болды,

Жатыр ғой көне кетіп, жаңа келіп.

Әйтпесе бұл күндері жүрер ме едік,

Фараби бабамызбен пара беріп?!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *